83 жастағы ана да өз таңдауын жасады

Алматы қаласындағы Әуезов ауданының №199 сайлау учаскесіне ақ жаулықты ана кіріп келе жатты. Екі баласы екі жақтан аялай сүйемелдеп келеді. Қызыға көз тастап тұрмыз.

Сайлау комиссиясының мүшелері орындарынан атып тұрып, үлкен кісіні төрге оздырды. Әдемі әже таңдауын жасап, бюллетеньді жәшікке тастап бола бергенінде, жастар тегіс ду қол шапалақтап қошемет көрсетті. Мұны көптеген апа түсінбей қалып, жан-жағынан қарап қалды. Ал біз сайлауға өз аяғымен келген апамен сұхбаттасқанша асықтық.
Аты-жөні Рысжан Шәлімбайқызы екен. Еңбек ардагері, «Алтын алқа» иегері. Алматы қаласында 25 жылдан бері тұрып келеді.
– Бүгін – менің өз басым, отбасым үшін ерекше маңызды күн. 83 жастамын. Көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген, жастайымнан ауыл еңбегіне араласқан жанмын. Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытып, көркейтуге 50 жыл белжазбай еңбек еттім. Сол өмір бойғы бейнетті еңбектің салдарынан аяғымды бүгінде басуым қиын. Немерелерім сүйемелдемесе, өздігімнен жүріп-тұра алмаймын. Дегенмен де, бүгінгідей тарихи күнде отыра алмадым. Бізге қарап жастар үлгі алады. Дауыс беруге балаларым, немерелерім болып келдік. Мынау Әлихан немерем әлгінде осында сүйемелдеп келе жатып: «Әже, қай партияға дауыс бересіз?» – дейді. Елдің болашағын ойлайтын азаматтарға дауыс беремін дедім. Сөйтіп өз таңдауымды жасап, дауысымды бердім. Егде тартсам да, елімнің болашағына алаңдаймын. Теледидардан көрсетілетін, радиодан берілетін күнделікті жаңалықтарға құлақ түріп отырамын. Ата-бабам ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған осынау ұлан-байтақ қазақ жерінің болашағын білікті, білімді азаматтар көркейтсе деген тілегім бар. Еліміз көркейсін, ел аман болсын, жастар көгерсін! – деп Рысжан апа ақ батасын берді.
№199 сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясының мүшелері Рысжан әжесін сайлауға жетектеп әкелген қамқор немересіне тәтті кәмпиттерін ұсынды.

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close