816,2 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды

816,2 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды
Сурет: Storiediuneducatrice.com

Ағымдағы жылы осы мақсаттарға бюджеттен 122,8 млрд теңге бөлінді.

Қазақстандағы 168,3 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Мамандардың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен азаматтарға тағайындалады. 

«Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына толмаған балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен  қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. 2021 жылғы 1 шілдеде АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 201,5 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия заттарының жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Естеріңізге сала кетейік, АӘК алушыларға ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сондай-ақ 2021 жылғы I, II тоқсандарда көмек тағайындау ұзартылды. 

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.