8 жасар қыздың телефонын тартып алған ер адам халықаралық іздеуде жүрген

8 жасар қыздың телефонын тартып алған ер адам халықаралық іздеуде жүрген
Сурет: Ашық дереккөзі

Сағатты көрмекші болғанда жұлып әкеткен

Павлодарда 8 жасар қыздың телефонын тартып алған ер адам халықаралық іздеуде жүрген. Күдіктіні полиция қызметкері ұстап алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірнеше күн бұрын Павлодар қаласындағы Сәтбаев көшесінде өз ауласында достарымен ойнап жүрген 8 жасар қыз ұялы телефонын күртешесінің қалтасынан алып, сағатты көрмекші болған.

«Кенеттен оған бейтаныс жас жігіт жүгіріп келіп, телефонын қолынан тартып алып, қашып кеткен. Үйінен шығып келе жатқан патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, лейтенант Олжас Тілеубергенов кішкентай қыздың көмек сұрап айқайлағанын естіген. Бала соңғы кіреберістің тұсында қашып бара жатқан жігітті көрсеткен», - деді баспасөз қызметінде.

Олжас Тілеубергенов дереу күдіктінің артынан жүгіріп, оны ұстап алған. Кейін «102» нөміріне қоңырау шалып, қылмыскерді келген автопатрульге тапсырды.

«Тонаушының жеке басын анықтағаннан кейін полиция оның мемлекетаралық іздеуде болғанын және соттан жасырынып жүргенін анықтады. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді департаментте.

Департаменттің хабарлауынша, лейтенант Тілеубергенов ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді. Лайықты қызметтен басқа, ол спорттық шеберлігі мен талантымен де ерекшеленеді. Қажырлы жаттығулар мен шеберліктің арқасында бір ай бұрын ол қоян-қолтық ұрыстан Ішкі істер министрлігінің чемпионы атанды.