77 жастағы Алматы тұрғыны күнде тауға шығуды әдетке айналдырған

77 жастағы Алматы тұрғыны күнде тауға шығуды әдетке айналдырған
Сурет: 24.kz

Алматылық зейнеткер тауға күн сайын жаяу шығады

77 жастағы Николай Решетов зейнетке шыққаннан бері салауатты өмір салтын ұстана бастаған. Жас күнінде бұлай шынықпаған ол осылайша оның есесін толтырмақ. Соңғы жеті жыл бойы жаттығу үзбей жасап келе жатқан қария Медеу мен Терренкур бойынша он шақырымға жуық жолды жүріп өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

24.kz сайтының ақпаратына жүгінсек, Николай Решетовтың мамандығы – дыбыс режиссері. Бүкіл еңбек жолы телевидение саласында өрілді. Республикалық телеарналардың бірінде табан аудармастан ұзақ жыл қызмет жасап, зейнетке шықты. Кезінде жұмысбасты болып, спортпен айналысуға мүлдем уақыты болмаған. Оның үстіне өзі де ниет білдіріп, мойын бұрмапты. Тіпті саябақта қыдыруға уақыт таба алмаған. Ал зейнетке шыққан соң өмір салтын басқа бағытқа бұрды. Күн сайын ондаған шақырымды жаяу жүреді. Әсіресе, тауға қарай серуендеуді әдетке айналдырған.

Осыдан он жыл бұрын Николай Решетов абайсызда аяғын сындырып алады. Оған осы оқиға да қатты әсер етеді. Жарақаты жазыла бастаған кезде дәрігерлер оған күн сайын аз да болса жаяу жүруге кеңес береді. Содан бастап ол күнделікті үйінен Медеуге дейін жаяу барып, қайтарда автобуспен келетін. Бір күні автобустан қалып қойған соң жаяу қайтуына тура келеді. Содан бері алыс қашықтықты жеңіл бағындыра бастайды.

«Кезінде жүруге уақытым болмады... Керісінше, қазір соның орнын толтырып жатырмын. Мен бәріне жаяу жүруге кеңес беремін. Әр нәрсені сылтауратудың қажеті жоқ. Өмір деген қозғалыс. Қозғалыс бар жерде ауруға да орын жоқ», - дейді қала тұрғыны Николай Решетов.

Николай Решетовтың пайымдауынша, бір істі бастап кетуге ешқашан кеш болмайды. Николай Решетовтың ұстанымы осындай. Ол жаяу жүрістің артықшылығын айналасындағыларға үнемі айтып отырады. Соңғы кезде тауға қызы мен немересі де бірге шығып жүр. Зейнеткер қазір спортпен қоса ағылшын тілін меңгеруді қолға алған.