7 мемлекеттен 147 биші келді

Нұржамал ӘЛІШЕВА
Хореография – ой мен мазмұнды музыкалық-хореографиялық бейне арқылы ашатын сахналық өнердің бір түрі. Ол – сөзсіз өнер. Оның негізі – би. А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде бес күн бойына «Өрлеу» VІ Халықаралық хореографиялық оқу орындарының байқауы салтанат құрды.
– Байқаудың мақсаты – шығармашылық тұлғаның орындаушылық шеберлігін және рухани-өнегелік әлеуетін дамыту, жарқын да ерекше дарын иелерін анықтау, мәдени, шығармашылық және білім саласындағы байланыстарды кеңейту, – деді бізге берген сұхбатында А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің директоры Ая Қалиева.
Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, ОАР, Жапония мемлекеттерінің хореографиялық оқу орындары студенттері, оқытушылары, балет әртістері қатысқан халықаралық байқау «Классикалық би», «Халықтық би» және «Қазіргі заманғы хореография» атты үш номинация бойынша, үш жас ерекшелігінде өтті.
Байқауға хореографиялық өнердің танымал қайраткерлері: Ресейдің және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ресей Үлкен театрының педагог-репетиторы Юрий Васюченко, Түркияның танымал бишісі Мюридэ Аксан, Жапония және Еуропа би труппасы балетінің артисі Эмма Хасимото, өзіміздің елден – «Сыр сұлуы» халықтық ән-би ансамблінің балетмейстері Төребек Бақтыбаев және басқалар қазылық етті. Іс-шараның құрметті қонағы болып төрде «Балет» журналының бас редакторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Валерия Уральская отырды. Аталмыш өнер жанкүйерлері училище мұражайынан орын тепкен «Өрлеу» Халықаралық хореографиялық оқу орындары байқауының» экспозициясы мен фотокөрмесін тамашалады. Байқау шеңберінде «Ұлттық дәстүрлерді сақтау және балет мектебінің даму болашағы» деген тақырыпты қаузаған «дөңгелек үстел» өтті. «Ғайникамал Бейсенованың шығармашылығы. Қазақ биі» видео-оқу құралының тұсауы да осы кеште кесілді. «Қазақ биі» деректі фильмі де көпшілік ықыласына бөленді. Би өнерінің «жілігін шағып, майын ішкен» майталмандар шеберлік сыныптарын өткізді.
«Өрлеу – 2018» 7 мемлекеттен 147 биші жастардың басын қосты. Бұл байқауға 7–9 жастағы балалар тұңғыш рет қатысып, үміттерін үкіледі. Халықаралық байқауда 63 лауреат пен 22 дипломанттың мерейі үстем болды.
Байқау құрылтайшылары – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі мен Еуразиялық мәдениет қоры. Ал бас серіктесі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры. Сондай-ақ, іс-шараға Балет пен халықтық биді дамыту және қолдау қоры, «Петро Қазақстан» компаниясы, ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан Ұлттық Федерациясы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театры қолдау көрсетті.