«7-20-25» бағдарламасы шарттарын өзгертіп, қайта іске қосу ұсынылды

«7-20-25» бағдарламасы шарттарын өзгертіп, қайта іске қосу ұсынылды
Сурет: Norma.uz

Бұл іс-шаралар халықтың әл-ауқатын арттырады.

Қазақстанның Құрылысшылар одағы «7-20-25» бағдарламасы шарттарын өзгертіп, қайта іске қосуды ұсынып отыр. Бұл туралы аталған одақ төралқасының төрағасы Талғат Ерғалиев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Баспасөз мәслихатымыз баспанаға мұқтаж адамдарды пәтермен қамтамасыз етуге арналады. Мемлекеттік органдар, Үкімет өз шешімдерін негіздей алмаған кезде, әрқашан құрылысшылар шешім бермей отыр дейді. Сондықтан біз шешім беріп қана қоймай, ұсыныстарымызды да жасағымыз келеді. Ең алдымен, «7-20-25» бағдарламасы шартын 25 жылдан 35 жылға өзгертіп, Қазақстанның тұрын үй компаниясының кепілі бар салынып жатқан үйден пәтер сатып алуға мүмкіндік беру қажет. Бағдарлама Қазақстанның тұрғын үй компаниясы аясында ғана жұмыс істейтіндігін білесіздер. Банктермен жұмыс істемейді», - деді ол елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Талғат Ерғалиев тұрғын үй құрылысын арнаулы экономикалық аймақ аясында да жүргізіп, инженерлік желілерді уақытылы тарту қажеттігін айтады.

Оның атап өтуінше, бұл іс-шаралар халықтың әл-ауқатын арттырып, құрылыс нарығы мен пәтер бағасын тұрақтандырады. Жұмыс орындары санының артуына сеп болып, бюджетке салық түсімдерін арттырады.