6-9 жастағы балалардың 20,6%-ның артық салмағы бар

6-9 жастағы балалардың 20,6%-ның артық салмағы бар
Сурет: Mir24.tv

Оның ішінде 6,6%-ы семіздікпен ауырады.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, қант диабетімен сырқаттанушылық 62%-ға өскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес аурулар ауыртпалығының өсуі денсаулық сақтау жүйесіне де, жалпы ел экономикасына да жүктеменің ұлғаюына ықпал етеді. Қазақстандағы барлық өлім-жітімнің 84%-ға жуығының себебі инфекциялық емес аурулар болып отыр. Соңғы зерттеу деректері бойынша жүрек-тамыр аурулары, қант диабеті, созылмалы респираторлық және қатерлі ісік аурулары сияқты инфекциялық емес аурулардың төрт негізгі тобынан мезгілсіз қайтыс болу ықтималдығы ер адамдарда әйелдермен салыстырғанда 27% жиі кездеседі», - деді министр.

Ведомство басшысы 6-9 жастағы балалардың арасында артық дене салмағына шалдыққандардың үлесі 20,6% болғанын атап өтті.

«Оның ішінде балалардың 6,6%-ы семіздікпен ауырады. Қант диабетімен сырқаттанушылықтың 62%-ға өскені байқалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы бағалауы бойынша инфекциялық емес аурулардың 4 негізгі тобын емдеуге 300 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты экономикаға жұмсалғатын шығындар денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығындардан 6,5 есе асып түседі және жылына 2 трлн теңге болды. Жалпы, Қазақстан экономикасына инфекциялық емес аурулар келтірілетін ағымдағы залал жылына 2,3 трлн теңгені құрайды. Бұл елдің жылдық жалпы ішкі өнімнің 4,5%-на тең», - деді Ажар Ғиният.