54 алаяқтыққа қатысы бар алматылық жұп қолға түсті

54 алаяқтыққа қатысы бар алматылық жұп қолға түсті
Сурет: Polisia.kz

Қылмыстық жұп жалған құжат жасау деген күдікке ілінген. 

Қылмыстық кодекстің бірден бес бабы бойынша 35 жастағы рецидивист пен оның 36 жастағы серігіне қатысты қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Күдіктілер алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ұялы байланыс операторларының бірінің 10 миллион теңгеден астам мүлкін заңсыз иемденіп алған. Олардың алдау жоспары 2021 жылдың желтоқсан айында туды. Олар жалған жеке куәлік арқылы еліміздің әр өңірінен несиеге ұялы телефон сатып алған. Сонымен қатар, олар мобильді құрылғылардың белгілі бір үлгілерін сату үшін арнайы науқандарды пайдаланды. Тергеудің осы кезеңінде 54 алаяқтық дерегі анықталды», – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Ғалым Қасымбаев.

Айтпақшы, осыған ұқсас қылмыстарды жасағаны үшін 35 жастағы М. есімді азамат бұрын да бірнеше рет сотталған. Қазір ҚР ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігі, 28-бабы 5-бөлігі, 385-бабы 2-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық іс сотқа жолданды.