50-ге жуық оқушы дүниежүзілік робототехника чемпионатына жолдама алды

50-ге жуық оқушы дүниежүзілік робототехника чемпионатына жолдама алды
Сурет: Ашық дереккөз

Чемпионат АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «USTEM Robotics» қоғамдық қорының қолдауымен өткен «Central Asia FIRST CHAMPIONSHIP – 2023»  робототехникадан Орталық Азия ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST дүниежүзілік чемпионатында ел намысын 50-ге жуық оқушы қорғайды. Олар жеңімпаз атанған 4 команданың мүшелері. Сондай-ақ тағы 9 команда Австралия, Марокко, АҚШ, Индияда өтетін халықаралық ашық чемпионаттарға жолдама алды. 

«Чемпионат үш жас санатына орай өтті. Кішкентай балалар санаты бойынша Алматы қаласының оқушыларынан құрылған Adeptus Mechanicus  тобы АҚШ-тың өтетін басты жарысқа жолдама жеңіп алды. Ортаңғы санатта басты жүлдені Алматылық «Play 4 Energy» тобы иеленді. Бұл санаттарда Шымент қаласының Clutch және қарағандылық JelToqSun топтары АҚШ-тың Worcester Polytechnic Institute-де өтетін АҚШ-тың ашық чемпионатына жолдама алды. Ал 12-18 жас санатындағы басты жүлдегерлер - алматылық AENTA және NIS Kyran топтары. Үш күнге созылған сайыс тартысты өтті. Жыл сайын робототехникамен айналысатын оқушылар қатарының артқаны қуантады»,– дейді USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мурзахметов.

❕Айта кетейік, Астана қаласында ақпан айының 24-26 аралығында «Central Asia FIRST CHAMPIONSHIP – 2023» робототехникадан чемпионат өткен болатын. Оған еліміздің әр аймағынан 1200 оқушы қатысты. Биылғы жарыс энергия тақырыбына арналды.