5 миллиард доллар айыппұл салынды

5 миллиард доллар айыппұл салынды
Сурет: ncoc.kz

Экологияға келтірген залалы үшін салынған 5 млрд доллар айыппұлды заңсыз деп, сотқа шағынып жүрген  НКОК компаниясына қатысты үкім шықты.

Енді компания   5 миллиард доллар айыппұлды төлеуге мәжбүр. Бірақ НКОК бұған дейін халықаралық арбитраж сотына жүгінеміз деген ақпарат таратқан болатын. Астанада апелляциялық сот алқасы Атырау облыстық экология департаменті қызметкерлерінің Қашағанда жүргізген тексеріс нәтижесін заңды деп таныды.

«Астана қаласы мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 14-маусымындағы шешімі өзгертілсін. 3, 6, 9 тармақтарда көрсетілген ұйғарым жойылып, заңсыз деп танылсын. Жаңа шешім шығарылсын, – делінген сот алқасының шешімінде.

Сот алқасы Қашаған кен орнын игеріп отырған оператордың экологиялық талапты орындамағанын, сараптаманы алдын ала өткізбей, өндірістік процеске өзгеріс енгізгенін анықтаған. Бұған қоса, «кен орнында күкіртті рұқсат етілген мөлшерден көп сақтады» деген экологтардың қорытындысын заңды деп таныды.