40 мыңға жуық адам дауыс берді

40 мыңға жуық адам дауыс берді
almaty-akshamy.kz

Алматы облысында үш сағатта 40 мыңға жуық адам әкімге лайық тұлғаларға дауыс беріп үлгерді. Сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес,  сайлаушылардың жалпы санының 17 пайызы, яғни 38 мың 783 адам дауыс берген.

Қаламыздың маңында орналасқан Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінің әкімі қызметіне алғашында бес үміткер түскен. Олардың біреуі Nur Otan партиясынан, біреуі Қазақстан халық партиясынан болса, үшеуі өзін-өзі ұсынғандар қатарынан. Алайда ҚХП-ның өкілі мен өзін ұсынған бір үміткер талаптарға сай болмағандықтан, додадан шығып қалып, үш адам халық таңдауына түсті.

Осылайша, Nur Otan партиясының өкілі Біржан Махатов, Райымбек ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Еламан Өмірбаев пен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Ескендір Егеубек ауылдық округтің әкімі орынтағынан үміткерлер болып тіркелді.
Елтай ауылдық округінде құрылған 6 сайлау учаскесі таңғы сағат 6-да өз жұмысын бастап, 7-де алғашқы сайлаушыларды қабылдай бастады. Алғашқы бір сағаттың ішінде 610 адам, яғни, сайлаушылардың 5,61 пайызы өз таңдауларын жасап үлгерді. Жалпы, аталған округте 1872 сайлаушы бар.

«Қазақстан халқының 40 пайызының ауылдарда тұратынын ескерсек, бұл өте дұрыс қадам. Бұл, шын мәнінде, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып отыр. Біз Мемлекет басшысының ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасын шын жүрегімізбен қолдап отырмыз. Бұл оқиға еліміздің тарихындағы айтулы белес», – деді ауыл тұрғыны Темірғалиев Жанболат.