Қырық қазақстандық Түркия мен Ресейдің әскери оқу орындарына түсті

Қырық қазақстандық Түркия мен Ресейдің әскери оқу орындарына түсті
Сурет: Оrtcom.kz

Олар Ұлттық ұлан академиясында әскери ант берді.

Қырық қазақстандық Түркия мен Ресейдің әскери жоғары оқу орындарының студенттері атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жыл сайын Ұлттық ұлан Академиясына бірінші курс студенттерін қабылдаумен қатар, халықаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес, шет елдердің әскери-оқу орындарында оқу үшін курсанттарды қабылдау жүзеге асырылады. Әскери ант – бұл Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен нормативтік-құқықтық құжат, салтанатты ант және өзгермейтін әскери рәсім. Әрбір әскери қызметші оны қабылдап, орындау әскери қызмет өткерудің мәні мен мақсатын құрайтын міндеттерді өзіне алады», - деп хабарлады Ұлттық ұланда.

Ұлттық ұлан Академиясы бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұрбай Бектұрсынов курсанттарға жылы лебізін білдірді.

«Сіздер Отаннан алыс жақта, біреулеріңіз 4, ал енді біреулеріңіз 5 жыл оқуға кетіп бара жатсыздар. Осы жылдар ішінде, елде оқитын курсанттарға қарағанда, сіздерге артылған жүктің салмағы екі есе ауыр болады. Туыстарыңыздан, достарыңыздан және сіз үшін қымбат адамдардан осыншама уақыт алыста болу оңай емес. Уақыт пен қашықтық шын мәнінде сіздердің күш сынағына қаншалықты төтеп бере алатындығыңызды көрсетеді. Сізге өз Отаныңызды республикадан тыс жерде көрсету мәртебесі бұйырды. Сіздің оқуыңыз бен мінез-құлқыңыздың призмасы арқылы басқа елдердің өкілдері біздің Отанымыз бен халқымыз туралы түсінікке ие болады», - деп сөзін қорытты Нұрбай Бектұрсынов.