4 жылда бір келетін «Кібісенің» тарихы

4 жылда бір келетін «Кібісенің» тарихы Сурет: Lipetskmedia.ru

Кібісе жыл деген не?


Әр төрт жыл сайын келетін, ақпан 29 күнге толатын,  366 күннен тұратын жыл. Тәуліктің ширек бөлшегін әр жыл күнтізбесіне қосып айтуға да, есептеуге де ыңғайсыз болғандықтан, ширектің төрт жылда бір тәуліктік мезгіл құрайтыны есептеліп, төрттің алдыңғы 365 тәуліктен тұратын үш жылы – жай жыл, 366 тәуліктен тұратын соңғы жылы – Кібісе атанған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Кібісе жылы туған адамдар қандай болады?


Информбюро порталы ұсынған Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 1991 жылдан бері Қазақстанда кібісе күні, яғни 29 ақпанда 5110 адам дүниеге келген.  Олардың 2707-сі – ер адамдар болса, 2403-і – әйелдер.


29 ақпанда дүниеге келген адамдар таңдаулы, ерекше қабілетті, талантты болады. 


Кібіседе неден сақ болған жөн?


Кібісе жылға қатысты қанша заман өтсе,  халық арасында қалыптасқан түсінік те мол. Бір өкініштісі, өмірдегі сәтсіз жағдайлар, қайғылы оқиғаларды осы кібісемен байланыстырып жататындар да аз емес. Мәселен осыдан 4 жыл бұрынғы кібісе – 2020 жылды Time журналы тарихтағы ең сорақы жыл деп атаған. Оның себебі, бүкіл әлемге індет боп тараған коронавирус күшейе түсіп, талай жанды ажалынан бұрын жалмаған жыл болды.


Кібісе жыл деген атау қайдан шықты?


Кібісе жыл атауы латынның bissextus сөзінен шыққан. Мағынасы «артық күн» дегенді білдіреді. Біздің дәуіріміздегі дейінгі 45-жылы Юлий Цезарьдің реформаларына дейін бір жылғы күнтізбеге түзетулер енгізіліп, мезгіл сайын қосымша ай қосылып отырған (Израильде әлі де солай жасайды).


Біздің дәуірімізге дейінгі 40-шы жылдары күнделікті өмірде қолданылып келген Рим күнтізбесі Күнге қарап есептегенде, үш айға алға кетіп қалды. Содан кейін Юлий Цезарь күн жылының ұзақтығы 365,25 күн болатын жаңа күнтізбені енгізді. Енді төрт жылда бір рет ақпан айында қосымша күн пайда болды, яғни әлгінде ғана айтқан  bissextus.


Күнтізбеде бұл «наурызға дейінгі екінші алтыншы күн» болды, яғни екінші 23 ақпан — 29 Ақпан ол кезде болмаған.


Римдіктер джулиан күнтізбесін бірден түсіне қоймады. Сонымен, оның жұмысына жауапты діни қызметкерлер әр төрт жыл сайын емес, үш жыл сайын ақпан айына қосымша бір күн енгізетін болды. Джулиан хронологиясы біздің дәуіріміздің 8-ші жылында бір ретке келді.


Уақыт өте келе латынның bissextus өзгеріп, қазіргі кібісе атауына ие болды.


Кібісе жылдың қажеті қандай?


Бізге күнтізбе 365 күннен тұратыны белгілі, бірақ бұл мән болжаммен алынған. Шындығында, Жер Күнді 365 күнде 5 сағат 49 минутта толық айналып шығады - бұл тропикалық жыл деп аталады.


Төрт жыл ішінде бұл алты сағатқтан жиналып,бір күнді құрайды - егер сіз оны күнтізбеде ескермесеңіз, астрономиялық және күнтізбелік жыл арасында біртіндеп айтарлықтай айырмашылық пайда болады, ал Күннің қысқарып барып тоқырауы, күн мен түннің теңелуі сияқты астрономиялық оқиғалардың күндері қатты артқа жылжып кетеді. Сол себепті күнтізбеде төрт жылда бір рет ақпанның 29-ы келеді, сәйкесінше, кібісе жыл да  пайда болады.


Ақпанға 29-шы күнді қосу үшін жылына қосымша 5 сағат 49 минутты 4-ке көбейтіп, содан кейін тәулігіне сағат саны бойынша 24-ке толтырады. Осы жетпей тұрған әр 11 минуттан 128 жыл сайын бір күн пайда болады.


1582 жылы Рим папасы Григорий XIII григориан күнтізбесін енгізгенде, кібісе жылды есептеу ережесі өзгерді. Осылайша, бір уақытта 4 және 100-ге бөлінетін, бірақ 400-ге бөлінбейтін сандары  бар кібісе жылдар тоқтап қалды.


Қандай жылдар кібісе деп саналады?



  1. 400-ге бөлінетін.

  2. 100-ге бөлінбейтін, 1 пунктте айтылған жылдардан басқалары.

  3. 4-ке қалдықсыз бөлінетін.


Яғни, екі нөлмен аяқталатын кез-келген жыл, мысалы, 1800 немесе 1900 жылдар кібісе жылға саналмайды.


Бірақ егер жыл екі нөлмен аяқталса, сонымен бірге, оны 400-ге бөлуге болатын болса - бұл кібісе деп саналады. Мысалы, 1600 жыл кібісе жыл болды, өйткені ол толығымен 4-ке, 100-ге және 400-ге бөлінді.


ХХІ ғасырда төртке еселенген барлық жылдар кібісе жыл болады..


Бұл ережедегі жалғыз ерекшелік - 2100 жыл кібісе болмайды. Бұл сан 4-ке және 100-ге қалдықсыз бөлінеді, бірақ оны толығымен 400-ге бөлу мүмкін емес. Соған қарамай, 2100-ден айырмашылығы, 2000 жыл кібісе жыл болды, өйткені оның нөмірін 400-ге бөлуге болады.


XXI ғасырдағы кібісі жылдар


ХХІ ғасырдағы алғашқы кібісе жыл 2004 жылы болды. Оған дейін ХХ ғасырдың соңғы жылы – яғни,2000 жыл кібісе болды. Осы ғасырға барлығы осындай 24 жылдан келеді.


Осы ғасырда биылға дейін кібісе қай жылдарға келді:



  • 2004

  • 2008

  • 2012

  • 2016

  • 2020


Келесі кібісе жыл 2024 жылға келеді, келесі 29-ақпан күнтізбеде тағы төрт жылдан кейін, 2028 жылы пайда болады.


2100 жыл кібісе 2096 жылдан кейін 4 жылдан кейін  келсе де, оның өзі кібісе саналмайды екен.


Кібісе жыл неліктен өзге жылдарға қарағанда қауіп-қатерге толы саналады?


Көптеген елдерде кібісе жыл ұзақ уақыт бойы сәтсіз оқиғалар және жайттармен байланыстырылып келді. Мысалы, Францияда мұндай жылдарды жеміссіз деп атайды, ал Италия жұрты бұндай жылдары балалы болудан қорқады — кібісе жылы босану кезінде ананың немесе баланың өліміне әкелуі мүмкін деп есептелген.


Кібісе жылдары тарихта шынымен көптеген апаттар мен қиын жағдайлар болды: 1908 жылы Тунгус метеориті жерге құлады, 1912 жылы Титаник батып кетті, 1976 жылы Қытайда 250 мыңға жуық адам қаза тапқан Таншань жер сілкінісі болды. 2020 жылы коронавирус пандемия күшейе түсіп, адамдардың өмірін үрей мен қорқынышқа толтырды.


Біз де өткен жылдарда есте қалған 2000-жылдан бергі кібісе жылдарында болған оқиғаларға кішігірім шолу жасауды жөн көрдік:


2004 жылы


Оңтүстік-шығыс Азияда болған цунами. 26 желтоқсан күні Рихтер шкаласы бойынша  қуаты 8,9 балл болатын жер сілкінісі 11 елдің жағалауында цунами тұрғызды. Санаулы минутта 500 мыңнан астам адамды су шайып кетті. Эпицентрі Индонезияның Суматра аралының солтүстік бөлігінде тіркелген табиғи апаттың нақты қанша адамның өмірін жалмағаны сол күйі анықталмаған.


Доллардың күйреуі. Жасыл ақша сол жылы рекордтық минимумға түсіп қалды. Есесіне, мұнай бағасы бұрын-соңды болмаған тарихи белгіге жетті.


Бесландағы оқиға. 1-3 қыркүйек. Солтүстік Осетияның Беслан қаласында жаңа оқу жылының басталуына орай мерекелік жиын барысында террористер мектепті басып алды. 1000 - нан астам адам кепілге алынды, олардың көпшілігі балалар. Мұғалімдер, мектеп оқушылары және олардың ата-аналары мектептің спорт залына қамалып, үш күн  ұсталды. Есірткіге масайған лаңкестер жылаған балаларды аяусыз атып тастады. Бесландағы қанды оқиғада 330 адам қаза болды, олардың 186-сы балалар еді.


22 сәуірде КХДР-да қытай шекарасынан 50 шақырым жерде ірі теміржол апаты орын алып, 3000-ға жуық адам қаза тапты. Пхеньяннан (Пхенан-Пукто провинциясы) солтүстікке қарай 50 км жерде орналасқан Аничон станциясында сұйытылған газ бен бензин тасымалдайтын пойыздардың соқтығысуы нәтижесінде жарылыс болды.


4 жыл кейіге шегеріп көрсек, кібісе жылдары Олимпиада ойындары өткен екен. Төрткүл дүние асыға күтіп, бар назарын салатын 2004 жылғы Олимпиада ойындары Афинада өтті. Грекия астанасында болған дүбірлі додада Қазақстан құрамасы ел қоржынына 8 медаль салған. Сол жолы боксшы Бақтияр Артаев чемпион атанса, Геннадий Головкин күміс жүлдеге ие болды.


2004 жылы еліміздің Тәуелсіздігінің алғашқы мүшелін тойлап, халқымыздың саны 15 млн-ға жеткен екен.


2008 жылы


Кібісеге түскен тышқан жылы әлемде инфляциямен басталып, дағдарыспен аяқталған болатын.


Жылдың тосын сыйы – Барак Обама! Әлемді былай қойғанда, америкалықтардың өздері күтпеген оқиға болған еді. Америка тарихында алғаш рет афроамерикандық, сол кезде жасы 47-дегі Барак Хусейн Обама президент болып сайланды.


Қытай астанасы Бейжіңде өткен Олимпиада – жылдың басты оқиғаларының бірі болды. Бұл додада Қазақстан 2 алты, 4 күміс, 7 қола медальді иеленіп, жалпыкомандалық есепте 29-орынға шықты. Зілтемірші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев Олимпиада Чемпиондары атанды.


Ал ел ішінде есте қалған оқиға,  6 шілде Астана күні деп сол 2008 жылы ресми түрде бекітілген.


2012 жылы


Қайта сайланған президенттер. Америкада Барак Обама, Ресейде Владимир Путин қайтадан президент болып сайланды.


ХХХ жазғы Олимпиада ойындары 4 жылды артқа тастап, Лондонда өтті. Бұл жылғы Олимпиадада Қазақстан туы бірнеше рет жоғары көтеріліп, әнұранымыз шырқалды. 2012 жылы Лондонда ел қоржынына 13 медаль түсті: 7 алтын, 1 күміс және 5 қола. Алғашқы алтынды велошабандоз Александр Винокуров алды. Жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова мен бокстан Серік Сәпиев чемпион атанды.


Жыл соңында 21.12.2012 күні бүкіл әлем боп ақырзаманды күтті. Майя мәдениетінің күнтізбесіне негізделген болжамнан Жаратушының өзі сақтады. Сол кезде біраз адамның шынымен дақпыртқа сеніп, үйлерін азық-түлік қорымен толтырып, май шам іздеп кеткендерді көзіміз көрді.


2016 жылы


Лаңкестік шабуылдар және элитаға қарсы әлемдік бүлік. Брюссельді ел тарихындағы ең қанды шабуылдар сериясы дүр сілкіндірді: екі лаңкес қалалық әуежайда, тағы біреуі Маальбек метро станциясында өзін-өзі жарып жіберді. 32 адам қаза тауып, 300-ден астамы зардап шекті.


Тағы бір теракт 14 шілдеде Францияның Ницца қаласында Бастилия күнін мерекелеу кезінде 31 жастағы радикалды исламшыл жүк көлігімен Ағылшын жағалауына жиналған адамдарға қарай жүрді. Оның осы әрекетінен 86 адам қаза тауып, 400-ден астамы жарақат алды, террористтің өзін полиция атып өлтірген еді.


2012 жылдың 16 шілдесінде Түркияда әскерилер төңкеріс жасамақ болды. Қарулы күштер офицерлерінің бір бөлігі ел президенті Режеп Тайып Ердоғанға қарсы көтеріліс жасап, оны исламшыл және  авторитарлық әрекеттер жасап жүр деп айыптады. Армияның көп бөлігі қазіргі режимге адал екендіктері көрсетіп, көтеріліс сәтсіз аяқталды.


Сол жылғы есте қалған оқиғалардың бірі – АҚШ-та Дональд Трамптың президент болып сайлануы еді. Сарапшылар жасаған болжамдарға қарамай, миллиардер билік басына келді.


Орындалған арман. Атақты «Титаник» фильміндегі «Джек» - Леонардо Ди Каприоның «әйтеуір» «Оскарға» қолы жетті. Бірақ жүлде оның «Выживший» фильміндегі ойыны үшін берілді. Америка киноакадемиясының 88-ші салтанатты марапаттау рәсімінде Лео көп күткен марапатына қол жеткізді-ау.


Кібісе сайын келетін бұл жолғы Олимпиада ойындары Рио-де-Жанейрода өтті. Байрақты додада қазақстандық спортшылар 17 медаль жеңіп алды. Үшеуі – алтын, бесеуі – күміс және тоғыз қола жүлде.


2020 жылы


Пандемия. Коронавирус. Вирустың мутацияға ұшыраған түрлері. Маска режимі. Қызыл аймақ – қауіп. Жасанды желдеткішпен тыныс алдыру. Бүкіл әлем бір жыл бұрын келген белгісіз вируспен күресіп жатты. Адамдар сыртқа шығудан қалып, алдыңғы шепте қызмет еткен дәрігерлер бірнеше айлап отбасыларымен көріспей, өз істеріне адал екенін танытқан кездер де өтті. Блокпосттар, ауруханалардағы орын тапшылығы, адам өмірі үшін жанталасқандар. Кібісеге түскен 2020 жыл күні кеше көрген қорқынышты түстей өтті де кетті. Бұл дерттің орасан зардабын да бүкіл әлем көпке дейін ұмытпасы анық.


2020 жылдың тарихта теңдесі жоқ: осы уақыт ішінде 82 миллионнан астам адам коронавирусты жұқтырды, миллиардтаған адамдар локдаунда омалып қалды, пандемия әлем халқының 80% -ның жұмыс жағдайына әсер етті.


Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Бұл жерде өткен оқиғалардың, маңызды жайттардың бәрін бірдей сыйғызу мүмкін емес. Мақсатымыз кібісе жылында жамандық шақыру емес. Қайта, өткен күннен сабақ алып, биылғы кібісе жылында аса сақтық танытып, келер жылдарға аман-есен жетудің қамын жасау. Құдай «сақтанғанды сақтайды».


 


 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:39

11:37

11:32

11:22

10:59

10:37

09:59

09:21

09:19

09:11

09:11

08:37

08:21

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07