37 жатақхана пайдалануға берілмек

37 жатақхана пайдалануға берілмек
Сурет: Вsag.ru

Жатақхана мәселесі шешілмек

Биылғы жылдың соңына дейін 37 жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы үш жылда үшінші әлеуметтік бастама шеңберінде елімізде 85 жаңа жатақхана іске қосылып, 22 мыңнан астам студент қоныстанды.  

«Министрлік Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студенттер жатақханаларын салу мен қайта құру қарқынын жеделдетудің жаңа тетіктерін әзірледі. Атап айтқанда, жатақханалар нысаналы құрылыс және жоғары оқу орындарының өз қаражаты есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынады. Яғни, инвесторлар өз қаражатына жатақхана салады, ал министрлік оларға мемлекеттік тапсырысты орналастырып, студенттің әрбір жатын орнын төлейді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Қаржы орталығының президенті Асқар Ибраимов.

Мұндай алгоритм студенттік жатақханалар санын едәуір арттыруға және студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді.