Кітап – көңіл кілті
Данагөй тұлғаға арналған еңбек
Еңбекте ұлы ойшыл ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы зерттеулер мен ғалымдардың тұжырымдары топтастырылды және бұл жинақ «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көріп отырған жұмыс болып табылады. Авторлар абыз ойшылдың өмірі мен шығармашылығын барынша нақты материалдар арқылы көрсетумен қатар, оның философиялық дүниетанымын талдаудан өткізіп, тереңдей байыптауға тырысады.
Кітап «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмір жолы», «Гуманистік дүниетанымы хақында», «Шығармашылығы туралы зерттеулер мен естеліктер» және «Мәшһүр Жүсіп тағылымы» атты 4 бөлімнен тұрады. Құрастырушы авторлары – Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаев.
Қазақтың данагөй тұлғасына арналған еңбек еліміздің тарихы мен рухани мәдениетіне, оның көрнекті өкілдерінің өміріне қызығушылық білдіретін қалың оқырман қауымға арналған. Аталмыш жинақта ақынның біршама еңбектері мен ойшыл туралы жазылған кейбір авторлардың мақалалары келтірілген.
«Белестің» берері көп
Қазақстанның Құрметті байланысшысы Өсербай Қарасайұлының «Белестер» атты жинағында автордың өмірі мен қызметі жайлы және отандық телекоммуникацияның даму тарихы баяндалған. Сондай-ақ, байланыс саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен қызметтес әріптестері туралы да мол деректер келтірілген. Жинақтың соңғы бөлімінде Ө.Қарасаевқа арналған мақалалар, құттықтаулар, автордың туған өлкесі туралы толғаныстары мен өлеңдері де енгізілген.
«Ат жалын тартып мінгелі, ес біліп, етек жиып, еңбекке араласқалы жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті. Бір адамның ғұмырына тең осы жылдарда не көріп, нені түсіндім, неден ұтылдым, неден қашық болуға тырыстым, дос пен қасты, ақ пен қараны айыра алдым ба? Осыларды ойлағанда белеске шығып, жан-жағыма көз салғандаймын…» деп басталатын автордың ой толғанысы оқырманын еліктіріп әкетері сөзсіз. Сондай-ақ, бұл кітаптың байланыс қызметкерлері мен осы мамандықты таңдап алған жастарға да берері мол.
Асыл сөздер – салауатты оқырманды ойлануға мәжбүрлейді
Авторы әрі құрастырушысы болып табылатын дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Туғанбай Байғабылұлы Жанысбаевтың бұл жинағында әр дәуірде өмір сүрген әлемнің ұлы ойшыл даналарының өміршең, ескірмейтін ұлағатты ой-түйіндері, нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, өсиет-ғибраттары іріктеліп, нақты тақырыптарға топтастырылған.
«Қысқа-нұсқа жазылған асыл сөздердің жақсылығы сол – олар салауатты оқырманды ойлануға мәжбүр етеді. Кемеңгер даналардың нұрлы ойымен танысу керемет таптырмайтын ой жаттығуы, ол адамның ақылын құнарландырып ойлау қабілетін өзгертіп, өміріңе жаңа серпіліс береді», – дейді автор.
Ғибрат сөзі мол бұл кітаптың барлық оқырманның, әсіресе, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, өмір тануға, адамгершілікке тәрбиелеуге ықпалын тигізері даусыз.
Таланттың жұмбақ қырлары
Кітапта әлемдік музыка тарихында аты алтын әріппен қалған, сирек дауысқа ие қазақ әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Ерік Құрманғалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалады. Біртуар таланттың жұмбақ қырлары мен бітім-болмысын, өнердегі жетістіктері мен өмірдегі сәтсіздіктері жайлы автор, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу жан-жақты ашуға тырысқан. Ол турасында автор «Ерік Құрманғалиевті кімдер таниды, кімдер жақсы араласқан? Әншімен қазақ ішінде жақын араласып, дос-сырлас болған өнер адамдары да жоқ екен. Ол Мәскеуде, шет елде жүрді ғой көбіне. Мүмкін, аралас-құралас жүруге уақыты болмаған шығар…
Еріктің Алматыда тұратын апасы Раиса Қуанқызы Құрманғалиева апай оның отбасы туралы көптеген қызғылықты деректер айтты және әншінің фотосуреттерін ұсынды» деп жазады. Шағын әрі түрлі-түсті естелік суреттермен көркемделген кітап көпшілік қауымға арналған.
Шаршы топта билік айтқан Ораз би
Бұл кітапта Арал өңірінде дүниеге келіп, Торғай облысы Ырғыз уезінде Алаш идеясына қызмет еткен Алаш арыстарының бірі – Ораз Тәтеұлының өмірі мен қызметі туралы және тарихи деректер, естеліктер жинақталған.
Кітап көпшілік оқырман қауым, зерттеуші мамандар және тарихтан тағылым алып, ұлт болашағына сеніммен қарайтын оқырманға арналған. Поэмада Ораз бидің бейнесі ашылған. Би туралы ғана емес, сол заманның қайшылықтары, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Есет батырдың ерлігі, Мырзағұл болыс туралы оқиғалармен өрнектелген туынды шұрайлы тіл, кестелі ой орамдарымен оқырманды өзіне баурайды. Ақын Ораз бидің шаршы топта билік айтатын, топқа түссе жорғалайтын шешен тілінің құдыретін сезіндіре алған.
«Ақшам-ақпарат».