3 ШІЛДЕ – ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ

3 ШІЛДЕ – ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ
Сурет: E-history.kz

Ұлы дала өзінше ғажап бір тылсым іспетті. Әрбір тауы, тасы, орман мен өзен-көлі – бәрі-бәрі ғажайып. Ал осы ғажаптың құдіретін сездіретін бір – аспап болса, ол домбыра.

ДОМБЫРА – ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ

Атақты ақын Қадыр Мырза-Әлі «нағыз қазақ – домбыра» деп текке айпса керек. Біздің дархан даламызда ақын да, батыр да – баршасы домбыра шертіп, жыр-термені нәшіне келтіріп төгілте жырлаған. Тарихи дереккөздерде Абылай хан 20-дан астам күй шығарған деседі. Бір аңыздарда Шыңғыс ханның баласы Жошыны киік теуіп мерт болыпты деседі. Соны ханға естірту үшін домбыраны пайдаланыпты. Осы күйдің астарын түсінген айбынды Теміршың домбыраға қорғасын құйдырыпты. Содан ортаңғы ұңғыма тесігі кішірейіпті-міс. Жалпы, әр аңыздың астарында шындық лебі есері айқын.

ЖҮРЕКТІҢ ҚЫЛЫН ШЕРТЕДІ

Әр халықты ерекшелейтін құндылықтар бар. Сол арқылы өзгелер оның дәстүр-салтын, мәдениетін біледі. Ал біз үшін ең қастерлі дүние домбыра екені анық.

Байқап қарасаңыз, домбыра ырғағының өзіндік құдіреті байқалады. Соның нәтижесінде құлағыңыздан кірген әуен 62 тамырыңызды шымырлатады. Соңғы уақыттары әлеуметтік желіде әртүрлі әндерді шертіп жатқандарды көзіміз шалды. Шетелдік музыкалар қазақтың аспабынан естілгенде тұла бойыңыз жібиді. Бұл дегеніміз – ұлттық жәдігеріміздің заманауи кейіпке де енгендігін байқатады.

Домбыраның тыңдарманға берер әсері зор. Сонымен бірге, әр әнді өз ерекшелігімен әсерлендіреді десек, артық айтпағандық болар. Себебі, біз қоңыр үнді жанымызға жақын тартамыз. Құлақты саңырау ететін көп ырғақ көбіне шаршатады. Бәлкім, бірер сәтке сәнді көрінгенмен, ұзақ тыңдай алмайсыз. Бізге ең ыңғайлысы бірқалыпты әуендер деп айтар едік. Осы орайда барша тыңдаушыға әсер етер құдіреті туралы ойларды келтірейік.

НАҚТЫРАҚ:

  • Көңілге ой салады;
  • Көңілді жадыратады;
  • Сезімді серпілтеді;
  • Рух береді.

Осы аталған жіктеулердің қай-қайсысы болса да, адам жанына жағады. Көкіректегі сырлы сезімді жырлайды. Бір-бірін сүйген ғашықтар жүрек сезімін сездіре алады.
Бұл – қазақтың қайталанбас ғажайып туындысы.

ДОМБЫРА МЕН ДӘСТҮР

Қазақтың халық әндерінің астары тереңде жатыр. Әрбірі ғасырмен астасып, тарихпен үндесіп, шежіремен сырласып жатыр.

Егер қарапайым пайымдасақ, домбыра мен дәстүр егіз ұғым. Екеуін ажыратып қарау әбестік болар. Олай болатынының да өз себебі бар. Баланың дүниеге келуі әнмен өріледі. Ержетіп, үйленуі, ұзақ жасауы, тіпті дүниеден өтуі – барлығына домбыра қатысады. Сол арқылы өзімізге тиісті дүниетанымымызды бағамдап қаламыз.

Бізден басқа бауырлас түркі халықтарында домбыра тектес аспаптар кездеседі. Алайда, олардың бірінде ұңғымасы тым үлкен болса, ендігісінде бірнеше ішекті көресіз. Дегенмен, бәрінің түбірі бір екендігі аңғарылып тұрады. Онысын біріміз аңғарсақ, екіншіміз байқамаймыз. Дегенмен, туыстас жұрттың ортақ туындысы екені тағы рас. Оны ешкім жоққа шығара қоймас.

Домбыра жыраудың айтар ойларын көпшілікке паш еткен. Құрдан-құр бақырғанды емес, домбырамен тамылжыта ән салғанды кім-кімде ұнатады. Күйкі тірліктен бір сәт қол үзіп, әсем ән мен тәтті күй тыңдағанды ұнатпайтындар кемде-кем шығар.

5 ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК

Дүниеде тауды өзеннен бөлек ажыратып қарай алмасымыз анық. Егер ондай болған болса, тартымды болмас болар. Сол сынды, қазақты домбырасыз елестету қиын.

Әлемде әр халықтың өз аспабы бар екендігін айттық. Мәселен, испандықтар гитараны, орыстар балалайканы, өзбектер керней-сырнайды қадірлейді. Осы тізімді үздіксіз жалғастыра беруге болады. Ал біз үшін ең киелі де жауһарымыз – домбыра. Ендеше, ұлтымыздың ұлы құндылығы жөнінде бірнеше деректі назарларыңызға ұсынамыз.

  • Швейцариялық компания алтынмен апталған, күміспен күптелген домбыра шығарды. Оған 24 каратты гауһар тасы бар саф алтын пайдаланылған. Құны – 50 мың еуро.
  • Гиннесстің рекордтар кітабына енген ең кішкентай домбыраның ұзындығы 4 см, 5 мм, ені 1 см 4 мм. Бұйым шамамен бір айға жуық уақытта жасалған. Құлақтары, ішектері, сыртқабы да бар.
  • Домбыра туралы мәлімет 2013 жылы Гиннесс рекордтар кітабына тағы бір мәрте тіркелген. Бұл жолы Атыраудағы жағдай сенсациялық жаңалық ретінде берілген. Қазақтың көрнекті күйші-композиторы Құрманғазының 190 жылдығына орай ұйымдастырылған музыкалық фестивальде 1000 домбырашы қатар өнер көрсеткен.
  • 2016 жылы 19 жасар Ерайдын Тасболат домбырамен Еуропаның және Ресейдің аса биік шыңы Эльбруста күй шертіп, елді таңқалдырған. Ол бұл өнерін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту еткен.
  • Қытайдағы қандастарымыз дүние жүзіндегі ең үлкен домбыраны жасаған. Құлжадағы ағалы-інілі шеберлер Бақыткелді мен Бақытнұр Аренғазылар ұзындығы 7 метр, шанағының кеңдігі 1,8 метр ұлттық аспапты жасап шыққан.

 

ҚҰНДЫЛЫҚ ҚАШАН ДА ҚАСТЕРЛЕНЕДІ

Құндылықтарын қастерлеген ел өркендейді. Оның рухани көкжиегі кең болады. Бұл адамзат мәдениетінің жазылмаған заңы.

Дүние жүзі бойынша әртүрлі айрықша мереке күндері белгіленген. Соның арқасында қай елде қандай мейрамның маңызы жоғары екендігін білеміз. Мысал үшін Оңтүстік Америкада, оның ішінде Бразилияда үлкен-үлкен «карнавалдар» өтеді. Салыстырмалы түрде ауқымы басқалау болғанымен, ол сол елдің құндылығынан хабар береді.

Біз домбырасыз өмір жолымызды елестете алмасымыз ақиқат. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтіле басталды. Соның нәтижесінде шілденің бірінші жексенбісі арнайы мереке ретінде белгіленді. Міне, содан бері жыл сайын ұлттық жауһарымызды ардақтап келеміз.

Егер қаракөздеріміз отаншыл азамат болып қалыптассын десек, домбыраны дәріптеуді тоқтатпау керек. Әйтпесе, рухани жұтаңдыққа тап боламыз. Ал оның зардабы айтпаса да түсінікті.

Еліміздің білім ошақтарында домбыра сабағы факультатив ретінде өтілуде. Бұл да алға жылжудың көрінісін білдіреді. Жалпы айтқанда, өз құндылығымыздың маңызын арттыру тек өзімізге ғана керек.

 ТҮЙІН:

Құндылық – рухани-моральдық байлық. Оны ешбір нәрсемен өлшей алмайсыз. Бір дүниені анық түсінген абзал. Егер халқымыздың сан ғасырлық мұрасын көздің қарашығындай сақтап, қастерлеп, болашақ ұрпаққа аманаттай алсақ, онда озғанымыз. Осы жағынан келгенде айтылар ойлар көп. Көңілде самсап тұрған сырлардың жөні бір бөлек. Жаһандану дәуірінен құтқаратын бірден-бір жәдігер болса, ол – домбыра. Сондықтан оның қадіріне жетейік, ардақтап, дәріптейік дегіміз келеді.