29 қыркүйек - Дүниежүзілік жүрек күні

29 қыркүйек - Дүниежүзілік жүрек күні
Сурет: Massaget.kz

Салауатты өмір салтын сақтау, белсенді қозғалыс - жүректің жұмысын жақсартатын алғышарттар

«Гимнастика, физикалық жаттығу, жаяу жүру - жұмыс істеу қабілетін, денсаулық, толыққанды әрі жайдары өмірді сақтағысы келетін әрбір адамның күнделікті өміріне мықтап енуі керек» деген екен медицинаның атасы Гиппократ. 

Көп жаяу жүру, жүгіру, денені шынықтыру деген белсенді қозғалыстың бәрі сайып келгенде жүректің жақсы жұмыс істеуі үшін қажет. Жүрек тақырыбын текке қозғап отырған жоқпыз. Себебі, бүгін - Дүниежүзілік жүрек күні.

Ең алғаш рет бұл күн Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған. Бұл акцияны сол кезде ДДСҰ, ЮНЕСКО және басқа да маңызды ұйымдар қолдаған. Бастыпқыда бұл күн қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін, 2011 жылдан бері нақты күн ретінде 29 қыркүйек белгіленді. 

Бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары ауруларына әлемде адамдар өте жиі шалдығады. Дүние жүзінде жыл сайын 18 милллионан астам адамның өлімі тап осы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болады екен. 

Сондықтан, осындай қайғылы жағдайлар орын алмас үшін, оның алдын алған маңызды. Салауатты өмір салтын ұстанбау жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әкеледі және көбінесе ауру бала кезден немесе жасөспірім шақтан бастап қалыптаса бастайды. Ал жас ұлғайған сайын жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі арта түседі. Сондықтан жүректі сақтап, денсаулыққа көңіл бөліп, аурудың алдын алуды бала кезден қолға алған жөн. 

Салауатты өмір салтынан басқа, қазіргі қоғамда денсаулық мәдениетін сақтаған жөн. Ауруларды ерте анықтау үшін, жүйелі әрі уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұрған жөн. Күйзеліспен күресіп, қолайсыз қоршаған орта мен экологиялық жағдай нашарлаған жағдайда, денсаулық сақтау әдістерін меңгеру керек. 

Дүниежүзілік жүрек федерациясының мәліметінше, 80% жағдайда инфаркт пен инсульттан болатын өлімнің алдын алуға болады. Ол үшін салауатты өмір салтын сақтап, табак өнімдерінің қолданылуын қадағалап, тамақтануды реттеп, дене қимылдарының белсенділігі керек. 

62 тамырымыздан қан айдап тұрған "моторымыз" - жүрекке ауыр салмақ түсіре бермей, стрестен аулақ болайық. Күйзеліс пен уайым-қайғы жүрекке зиян екенін естен шығармайық. Әрі айналамыздағы жандардың да жүректерін жараламай, керісінше, аялайық.