2,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылады

2,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылады
Сурет: ElDala.kz

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлім етті. 

Қазір осы бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру үшін әр гектар жерді ұтымды пайдалану қажет. 2019-2021 жылдар аралығында әкімдіктер жүргізген жұмыстардың аясында 8,1 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жері анықталды. Олардың 3,4 млн гектарын жер иелері игере бастады, ал 2,1 млн гектары жер мемлекет меншігіне қайтарылды, тағы 2,6 млн гектар жерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Әбілхайыр Тамабек. 

Вице-министрдің айтуынша, қазір барлық өңірлердегі өзекті мәселелердің бірі - халықты ауыл шаруашылығы жерімен қамтамасыз ету. 2022 жылғы 3 қаңтарда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігін енгізу жөніндегі норма қабылданды. 

«Пайдаланылмай жатқан жердің 90%-ы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі. Бұл ретте микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулерге мораторий енгізілгені белгілі. Сондықтан оларға тексерулер жүргізе алмаймыз», – деп түсіндірді Әбілхайыр Тамабек.

Алайда спикер 2022 жылғы 4 мамырдағы №139 бұйрыққа сәйкес, «жаппай қауіп» аясында жалпы алаңы 5,8 млн гектарды құрайтын 1 901 шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатқанын да ескертті. 

«Жер пайдаланушыларды экономикалық мәжбүрлеуге жағдай жасау үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық ставкасы 10 еседен 20 есеге ұлғайтылды. Осыны ескере отырып, биыл 5 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте пайдаланылмайтын және заңнаманы бұзып берілген жерлерді алып қою бір күннің жұмысы еместігін атап өтемін. Өйткені Конституцияның және Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес меншік құқығы қорғалған. Ал мемлекетке қайтару процесі тек сот арқылы жүзеге асады», – деп түйіндеді спикер.