22 қарашада ревакцинация басталады

22 қарашада ревакцинация басталады
Сурет: Almaty.tv

Денсаулық сақтау министрі елдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақты болып тұрғанын айтты.

2021 жылғы 22 қарашада коронавирусқа қарсы ревакцинация басталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Вирустың репродуктивті индексі 0,90 құрайды. Инфекциялық төсектер 30%, реанимациялық төсектер 26% толы. Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары «жасыл аймақта», Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола және Қарағанды облыстары «сары аймақта» орналасқан. Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл аймақта» тұр.

Бүгінгі таңда шамамен 8,5 млн адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алды. Еуропаның бірқатар елінде, сондай-ақ Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитариялық талаптар шараларының жаппай сақталуын қамтамасыз етуді, мониторингтік топтардың талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі жұмысының тиімділігін күшейтуді және бұзушыларға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

«22 қарашадан бастап бұған дейін екпе алған азаматтарды ревакцинациялау басталады. Осыған байланысты егу пункттерінің, медициналық ұйымдардың және медицина қызметкерлерінің дайындығын қамтамасыз ету қажет», — деді Асқар Мамин.