2050 жылға қарай Алматы халқы 1,6 миллионға артуы мүмкін

2050 жылға қарай Алматы халқы 1,6 миллионға артуы мүмкін
Сурет: Zhambylnews.kz

Ал Алматы облысында халық саны 700 мыңға көбейеді деп болжанды.

 ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы аясында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Қазақстан бойынша 2050 жылға дейін ұзақ мерзімді демографиялық болжам дайындады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Статистикалық деректер мен модельдеу негізінде сарапшылар 2030 жылға қарай жұмыс күшінің саны 9,7 млн адамға жетіп, 2040 жылы бұл көрсеткіш 10,7 миллионды құрайды, ал 2050 жылға қарай 11,4 миллионға дейін өседі деп есептейді.

 Бұл ретте, болжамдық негізгі сценарий бойынша 2030 жылға қарай ел халқы шамамен 20,7 млн адамға жетеді, 2040 жылға қарай аталған көрсеткіш 22,9 млн адамға дейін жетіп, ал 2050 жылға қарай 25,5 млн адамға дейін өседі деп болжанып отыр.

 «Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай туудың жоғары деңгейі мен халықтың қартаюына байланысты жұмыс күшінің халыққа пайыздық қатынасы 46,7%-ға дейін төмендейді. Бұл экономикалық белсенді халыққа жүктеме өсетінін білдіреді», – деді ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

 Сондай-ақ, өз болжамында ЕРДО сарапшылары 2050 жылға қарай халық санының өңірлік сәйкессіздігінің күшейетінін атап өтті. Тұрғындар санының ең көп өсуі республикалық маңызы бар қалаларда күтіледі: Нұр-Сұлтан – 2,7 есе (1,9 миллион), Алматы – 1,8 есе (1,6 миллион) және Шымкент – 2,4 есе (1,5 милллион).

Бұдан басқа, Маңғыстау облысының халқы екі есеге (1,4 млн адамға дейін), Түркістан облысында 500 мыңға (2,5 миллионға дейін), ал Алматы облысында 700 мыңға (2,8 миллионға дейін) көбеюі ықтимал.