2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну көлемі 56 пайызға өседі

2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну көлемі 56 пайызға өседі Сурет: Donat.com

Маңызды мәліметтер айтылды.


Алдағы 20 жылда елдегі су тұтыну мөлшері 56 пайызға ұлғаюы мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында егіс суару маусымына дайындық шаралары талқыланған болатын. Отырыстан кейін екі бірдей министрдің аузынан Балқаш көлінің келешегіне қатысты маңызды мәліметтер айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің мәліметіне сүйенсек, елімізде егіс суаруға 11,6 текше шақырым су жұмсалады. Оның 11,3 текше шақырымы немесе 97 пайызы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының үлесіне тиеді .


Аталған облыстар ылғалдың негізгі бөлігін Іле-Балқаш және Сырдария бассейндерінен алып отыр. Ал бұл екі бассейннің бастауы өзге елдердің шекарасында жатыр. Экология министрі өз баяндамасында да, отырыстан кейін БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген кезде деғ трансшекаралық өзендердің суын вегетация кезінде барынша мол пайдаланып, қазіргі көлемді сақтап қалудың түрлі амалдары жасалып жатқанын айтты.


Сондай-ақ, ол Қырғыз Республикасы тарапымен арада қалыптасқан үйреншікті тәсіл бойынша жаз айларында 330 млн текше метр суды қосымша алу келісімі бар екенін еске салды.



«Шектес елдермен ынтымақтастық шеңберінде қырғыз тарапымен тауар алмасу және коммерциялық негізде электр энергиясын жеткізу бойынша «Достық» каналы арқылы жаз айларында 330 млн текше метр көлемінде су беру мәселесін шешуге қол жеткізілді», - деді министр.



Серікқали Брекешевтің пайымдауынша, биыл Сырдария бассейніндегі жағдай бұрнағы жылдарға қарағанда тұрақты деуге болады. Соның арқасында шаруалар судан тапшылық көре қоймауы керек.



«Шардара су қоймасына вегетация кезеңіндегі ағын 3,9 млрд текше метрді құрауға тиіс. Гидрологиялық болжамдардың негізінде Сырдария трансшекаралық өзенінің бассейнінде күрделі су шаруашылығы жағдайы түзілген. Бірақ қабылданған іс-шаралар және қолайлы климаттық жағдайдың арқасында ахуал тұрақтанды. Осылайша Шардара су қоймасына келетін су көлемі 2,5 есе ұлғайды», - деді ол.



Бұл Шардара су қоймасын 5 млрд текше метрге дейін толтыруға және осы кезде Көксарай қарымта реттегішіне 822 млн текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік берген көрінеді.


Сондай-ақ, Іле өзенінің Қапшағай су қоймасынан төмен тұсында қарымта реттегіш салу жоспары Балқаштың тағдырына алаңдаушылар мен су саласы мамандарының көңіліне медеу болуы тиіс.



«Іле өзенінің Қапшағай су қоймасынан төмен тұсында қарымта реттегіш салу жоспарланған. Бұдан бөлек қытайлық әріптестерімізбен келіссөз жүріп жатыр. Балқаш көлінің ерекше экологиялық маңызы бар. Сондықтан су бөлісу кезінде бұл мәселелер пысықталады», - деді Серікқали Брекешев.



Айта кету керек, Балқаштың тағдырына қатысты мәселе Үкімет кулуарында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың аузынан да шықты. Нақтырақ айтсақ, ведомство мамандары елде АЭС салынып жатса, оған бірден-бір қолайлы орын Балқаштың маңайы деген пайымға көбірек иланатын сияқты.



«Стансаның қуаты шамамен 2,4 ГВт болады. Оны орнату аумағына келсек, Балқаш таңдалатын шығар. Өйткені бұл аумақ баяғы кеңес заманынан бері жіті зерттелген. Дегенмен, нақты құрылыс аумағы мен технологиялары жөнінде бір тоқтамға келген жоқпыз», - деді Болат Ақшолақов.



Вегетация маусымының ың-шыңсыз өтуі бастауын сырттан алатын өзендердің су көлеміне байланысты болғанымен, өз ішімізде ылғалды үнемді пайдалану мәселесі де өзекті болып тұр. Министр Серікқали Брекешев бұл бағытта үш түрлі кешенді шара қолға алынғанын атап өтті. Олар:


 - Трансшекаралық өзендер бассейніндегі 259 гидротехникалық құрылысты қалпына келтіру;


- 535 шақырым магистральды және шаруашылықаралық каналдарды механикалық тазарту;


- 67 су сорғы қондырғысын сатып алу және орнату.


Бұл жұмыстар маусым айының соңына дейін толығымен аяқталуы керек.


Экология министрлігі кейінгі жылдары ылғал үнемдеу шаралары күріш алқаптарын қысқарту шараларымен қатар жүру керек деген пайымды берік ұстанып келеді. Сол ұстанымның аясында биылдың өзінде Қызылорда облысында 5 мың гектар күріш алқабы қысқартылып отыр. Ал мақта алқаптарының көлемі 9 мың гектарға ұлғайған.


Суармалы алқаптардың инфрақұрылымы онсыз да тапшы ылғалды одан әрі ысырап етіп жатқанын Премьер-Министр Әлихан Смайылов та баса айтты.


Оның сөзінше, ауыл шаруашылығына арналған судың небәрі 60 пайызы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді.



«Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені бақылауында ұстап, су шаруашылығы обьектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақтылы іске асыруы тиіс», - деді Үкімет басшысы.



Сондай-ақ, егіске жұмсалатын суға белгіленген тарифті қайта қарау қажет. Осының аясында диқандар суармалы жердің әр гектарына емес, шығындаған судың көлеміне қарай ақы төлейтін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:11

19:41

19:13

18:41

18:41

18:17

18:12

17:26

17:26

17:23

17:22

17:12

16:50

16:00

15:20

15:05

14:36

14:35

13:45

13:23

12:51

12:45

12:37

12:14

12:04