2035 жылға қарай елімізде 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады

2035 жылға қарай елімізде 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады
Сурет: Ашық дереккөз

Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында

Мемлекет басшысы Бірікккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитіне қатысты. Президент саммит қатысушыларына Қазақстандағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің перспективалары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атом энергиясын пайдалану мәселесіне назар аударып, бұл ауаға тарайтын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы артықшылықтарына тоқталды.

– Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану ісін одан әрі дамытуға мүмкіндігіміз мол. Біздің пікірімізше, бұл – аймақтық және жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала, – деді Мемлекет басшысы.