2030 жылға дейін отандық фильмдердің прокат көлемі артады

2030 жылға дейін отандық фильмдердің прокат көлемі артады
Сурет: Іnbusiness.kz

2022 жылы 13% болған.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов отандық кинематографияны, соның ішінде жеке кинокомпанияларды дамыту және қолдау шаралары арқылы қазақстандық фильмдердің прокат көлемі 2030 жылға дейін 35%-ға артатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

"Сонымен қатар Қазақстан кинематографиясының халықаралық фестивальдер мен конкурстардағы аясы ұлғаяды. Өңірлерде кешенді мемлекеттік-жеке меншік кинопрокатты ұйымдастыру мақсатында проекциялық жабдықтар мен жылжымалы киноқондырғыларды кезең-кезеңімен алу мәселесі пысықталады".

Сонымен қатар министр жергілікті атқарушы органдармен және шығармашылық зиялы қауыммен бірлесіп, Республика күніне орай "Қазақстанның халық әртісі" атағын беру жөніндегі ұсыныстар енгізілетінін айтты.

Оған қоса алдағы уақытта еліміздегі мемлекеттік театрлардың репертуарлары отандық авторлардың кем дегенде 1 қойылымымен жыл сайын толығып отырады.

Мәдениет пен өнерде жүрген талантты жастарды халықаралық деңгейге шығару мақсатында жаңа конкурстар мен фестивальдер ұсынылып, оларға қолдау көрсетіледі.

Одан бөлек, музейлер мен кітапханалар мәдени құндылықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін көп функционалды ақпараттық және демалыс орталығына айналуға тиіс.

"Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде еліміздегі музейлер мен кітапханаларға келушілердің жыл сайынғы саны 3%-ға (2022 жылы – 58,8 млн, жыл сайын 764 мың адамға өсу жоспарланған) артады", - деді министр.