2025 жылға дейін отбасын қолдау орталықтарының саны көбейеді

2025 жылға дейін отбасын қолдау орталықтарының саны көбейеді
Сурет: Inform.kz

234-ке жеткізу жоспарланып отыр.

Алдағы үш жылда отбасын қолдау орталықтарының санын 234-ке жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның биылғы жұмыстарының қорытындысы мәлім етілген брифингіде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алғаш болып баяндама жасаған Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен биыл жүргізілген шараларға тоқталды. Оның айтуынша, комиссия мүшелері еліміздің 18 өңірінде болып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған. Ләззат Сүлеймен осылардың қортыныдысы негізінде нақты жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. Сонымен қоса, ол алдағы үш жылда отбасыларды қолдау орталықтарының санын 234-ке жеткізу жоспарланғанын айтты.

«Қазір отбасыларды қолдау орталықтарын құру іске асып жатыр. Елімізде отбасыларды қолдайтын 34 орталық жұмыс істейді. Бірақ, ол аздық етеді. 2025 жылға дейін 234 отбасын қолдау орталығын, яғни жыл сайын орта есеппен 40-50 орталық ашпақпыз. Ол үлкен қаражатты қажет етеді», - деді Ләззат Сүлеймен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, таяуда депутаттар отбасы институтын нығайтуға бағытталған заң жобасын ұсынған. Ол алдағы уақытта қаралып, қабылдануы мүмкін.