2024 жылдан бастап елде адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау басталады

2024 жылдан бастап елде адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау басталады
Сурет: ашық дереккөз

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz  BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.  

Қауіп факторларының профилактикасы және басқару бағыты бойынша онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту жүргізіледі. Өлім-жітімнің негізгі себебі болып табылатын өкпе обырын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны енгізу жоспарланды. Әйелдердің арасында кең таралған жатыр мойны обырының профилактикасы үшін 2024 жылдан бастап адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Вакцинациялауды енгізгенге дейін халықтың нысаналы топтарының арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілетін болады, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар министр онкологияны азайту үшін халықпен жұмыс және онкологиялық сақтық бойынша медицина қызметкерлерін оқыту, халықтың саламатты өмір салтын ұстануын арттыру бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу жалғасады деп отыр. 

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары мен онкология орталықтарын жабдықтау үшін мамографтар, КТ, МРТ, УДЗ аппараттары, ангиографтар, бейнеэндоскопиялық жабдықтар секілді диагностикалық жабдықтарды жаңарту көзделген. Молекулалық-генетикалық тесттер мен иммуногистохимиялық зерттеулерді арттыру арқылы обырдың әртүрлі түрлерін диагностикалау мүмкіндіктері ұлғайтылатын болады, - деді Ажар Ғиният. 

Бұған дейін Ажар Ғиният бес бағытты қамтитын кешенді жоспардың жобасын ұсынған болатын. Оны іске асыру үшін медициналық жабдықтарды, дәрілік препаратттарды сатып алуға, мамандарды оқытуға, заманауи онкология орталықтарын салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеу жүргізуге шамамен 474 млрд теңге қажет болады.