2023 жылы ЕО-да газ тапшылығы туындауы ықтимал

2023 жылы ЕО-да газ тапшылығы туындауы ықтимал
Сурет: Ашық дереккөз

Ресей газ жеткізілімін толық көлемде жасамаса, отынның бұл түрінің тапшылығы қайта туындауы ықтимал.

Еуроодақ биылғы қысқа қажетті газ қорын толтырып алды. Алайда келесі жылы газ тапшылығы болуы мүмкін. Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Еуроодақ биылғы жылыту маусымына қажетті газдың қорын жасақтай алды. Дегенмен, келер жылы Ресей газ жеткізілімін толық көлемде жасамаса, отынның бұл түрінің тапшылығы қайта туындауы ықтимал. Бұл туралы дүйсенбіде, 12 желтоқсан күні, өткен баспасөз мәслихатында Урсула фон дер Ляйен Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне сүйеніп мәлім етті.

«Қолға алған шараларға қарамастан, келесі жылы 30 млрд текше метр газ жетіспеушілігін сезінуіміз мүмкін», - деді Еурокомиссия төрағасы.

Фон дер Ляйен пайымынша, Еуроодақ бюджетті қайта қарап, ресейлік газдан түбегейлі бас тарту мақсатында ірі энергетикалық инвестициялар үшін дербес қор құру жөнінде ойлануы қажет. Алайда, бұл үшін ЕО-ға жаңа бірлескен қарызды алудың қажеті бар-жоғын Еурокомиссия төрағасы нақтыламады. Бірақ блок бюджетіне «өзге көздерден қосымшалар» қажет болатынын айтып өтті.