2022 жылы әлемдегі ең дәулетті 500 адам 1,4 трлн доллар жоғалтты

2022 жылы әлемдегі ең дәулетті 500 адам 1,4 трлн доллар жоғалтты
Сурет: Bugin.kz

2022 жыл әлемнің ең дәулетті 500 адамы үшін қолайсыз жыл болды. Олар 1,4 триллион доллар қаражатынан айырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Кең таралған инфляция және орталық банк саясатының агрессивті қатаңдатылуы салдарынан биылғы жыл пандемия кезінде жеңіл ақшаға кенелген бірқатар миллиардер тобы үшін қолайсыз болды. Биыл Илон Маск, Джефф Безос, Чанпэн Чжао және Марк Цукерберг өздерінің жиынтық байлығынан шамамен 392 миллиард доллар жоғалтты, делінген Bloomberg жүргізген зерттеуде. Дегенмен, осы жыл дәулетті өзге тұлғалар үшін жаман болған жоқ: үндістандық Гаутам Адани әл-ауқат индексі бойынша Билл Гейтс пен Уоррен Баффеттен асып түсті. Кохи мен Марс кланы сияқты әлемдегі ең бай отбасылар да өз байлығын арттырды.

Bloomberg басылымы капиталынан айырылған дәулеттілердің оқиғаларын келтірді. Сол кезде әлемдегі ең бай адам болған Илон Маск Tesla-ны жеткізумен қиындық туып жатқанын ескерткеннен кейін 27 қаңтарда 25,8 миллиард долларынан айырылған.

Шілдеде қытайлық Ян Хуэйяньнің дәулеті Қытайдағы мүлік дағдарысы аясында жеті айда екі есе азайып, Азияның ең бай әйелі титулынан айырылды. Ян 2005 жылы әкесінен мұрагерлікке алған Country Garden Holdings құрылыс компаниясы соңғы жылдары тұрғын үй құрылысының айтарлықтай артуынан қомақты табыс тапқан. Бірақ Бейжіңнің тұрғын үй бағасын өсірмеу саясаты мен ҚХР төрағасы Си Цзинпиннің қатаң шарасы жобаларды кешеуілдетіп, ипотекаға алған үй иелері тоқтап тұрған құрылыс үшін ақша төлеуден бас тартқан. Салдарынан Ян Хуэйянь дәулеті 2022 жылы екі есе азайды.

Қыркүйектің ортасында Марк Цукербергтің жеке капиталы 71 миллиард долларға құлдырап, Meta Platforms акцияларының бағасының төмендеуіне әкеліп соқтырған метағалам мен саланың құлдырауына байланысты капиталының 57% жоғалтты. Бір жыл ішінде Цукерберг Bloomberg дәулет индексінде 19 позиция жоғалтып, 2022 жылды 25-ші орында аяқтады.

"Ковид-миллиардерлердің" дәулеті де азая түсті. Олар 2020-2021 жылдары вакцинадан (Стефан Бансель, Modern вакцинасы), пайдаланылған автокөліктерден (Carvana иелері Эрни Гарсия II мен Эрни Гарсия III), интернет-дүкендерден (Coupang иесі Бом Ким) және Zoom-нан (Эрик Юань) пайда тапқан. 58 миллиардердің дәулеті "пандемия салаларына" байланысты бірден көтерілген, енді олардың активінің бағасы қазанда 58 % төмендеді.

Банкман-Фридтің FTХ криптовалюта биржасы қараша айында оның империясының балансының тұрақсыздығы және тәуекелдерге бақылаудың жоқтығы анықталғаннан кейін құлдырады. 30 жастағы кәсіпкердің 16 миллиард долларлық байлығы бір аптадан жойылды. Оның дәулеті бұған дейін 26 миллиард доллар деп бағаланды.

73 жастағы Бернард Арно, Франция сән саласының магнаты, LVMH корпорациясының иесі Илон Маскты әлемдегі ең бай адамдар тізімінен ығыстырды.