2022 жылы 20 мыңнан астам алматылық атаулы әлеуметтік көмек алды

2022 жылы 20 мыңнан астам алматылық атаулы әлеуметтік көмек алды
Сурет: Dknews.kz

Биыл барлығы 28 мың адамды қамту жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бірінші жартыжылдықтың көрсеткіштері туралы Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жалпы, жыл басынан бері мегаполистің 50 мыңнан астам тұрғынына әлеуметтік төлемдер берілді. 

«Атаулы әлеуметтік көмек 4,2 мыңнан астам отбасыға, яғни 20 261 адамға 922 млн.теңге көлемінде көрсетілді. Биыл барлығы 28 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға тек материалдық көмек пен қолдау ғана көрсетіп қоймай,  мейірімділік пен қамқорлық танытуға тырысамыз», - деп мәлімдеді Данияр Әлкебайұлы. 

Сонымен қатар, еңбекке жарамды АӘК алушылар жұмыспен қамту орталығына жіберіледі, орталықта оларға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын жағдайда отбасыларға АӘК төленетінін атап өтті. АӘК-тің негізгі алушылары –  көп балалы отбасылар, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдардың күтімін жасап отырған отбасылар және басқа да аз қамтылған адамдар.

АӘК төлемдерден басқа, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетін отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет те қарастырылған. Жыл басынан бері 996 бала кепілдендірілген көмектің осы түрімен қамтылды, ал олардың отбасыларына 2 853 азық-түлік қоржыны берілді. 

Алматы қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қолдаудың тізімі  тұрғын үй көмегімен толықты. Коммуналдық шығындары отбасының жалпы табысының 5 пайызынан асатын аз қамтылған отбасылар бюджет есебінен өтеледі. Барлығы 1,2 мыңнан астам алматылық отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді. 

Спикер әлеуметтік төлемдердің басқа түрлерімен 14,7 мың қала тұрғыны қамтылғанын, сондай-ақ 14,3 мың соғыс ардагері мен оларға теңестірілген ардагерлер де назардан тыс қалмайтынын хабарлады.