2020 жылдың қорытындысы бойынша «МАК» ӨСК» АҚ шамамен 800 млн теңге төледі

2020 жылдың қорытындысы бойынша «МАК» ӨСК» АҚ шамамен 800 млн теңге төледі
Сурет:Gov.kz.

  2020 жылдың қорытындысы бойынша «МАК» ӨСК» АҚ шамамен 800 млн теңге төледі

«Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «МАК» ӨСК» АҚ) республикалық бюджетке компанияның 2020 жылғы таза табысы сомасының 70%-ын жалпы сомасы 770 млн теңгеге төледі, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарына сілтеме жасап.

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы қаулысына сәйкес жарғылық капиталында мемлекеттің 100% қатысу үлесі бар компаниялар 2019 жылдың қорытындысы бойынша таза кіріс сомасының 100%-ына дейінгі және 2020 жылдың қорытындысы бойынша кемінде 70%-ына дейінгі мөлшерде бюджетке дивидендтер төлеуді жүзеге асыруға міндетті болды.

«МАК» ӨСК» АҚ жариялаған аудиттелген шоғырландырылған есептілікке сәйкес 2020 жылдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 1,1 млрд теңгені құрады. «МАК» ӨСК» АҚ жалғыз акционері ретінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикалық бюджетке компанияның таза табысы сомасының 70%-ын, яғни 770 млн. теңге төлеу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ өткен жылы «МАК» ӨСК» АҚ ҚР Үкіметінің талаптарына толық сәйкес 2019 жылғы таза табыс сомасының 100%-ын республикалық бюджетке төлеген мемлекеттік компаниялар қатарында болғанын атап өту қажет.

«2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін жүзеге асырылған қызмет үшін «МАК» ӨСК» АҚ республикалық бюджетке төлеген дивидендтердің сомасы 3,8 млрд. теңгені құрады. Қазіргі уақытта компанияның сақтандыру резервтері бойынша көрсеткіштердің меншікті активтер мөлшеріне қатынасы 83%-ды құрайды, бұл «МАК» ӨСК» АҚ-ны Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығында неғұрлым тұрақты компания етеді», – деп хабарлады «МАК» ӨСК» АҚ Басқарма Төрағасы Ғалым Амерходжаев.

Естеріңізге сала кетейік, «МАК» ӨСК» АҚ өмірді сақтандыру нарығында 2005 жылдан бастап жұмыс істейді. Компания қызметінің негізін зейнетақы аннуитеті бағдарламалары және қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру өнімдері құрайды. Компания өмірді сақтандыру нарығында 16 жылдан астам жұмыс істей отырып, өз қызметін мемлекеттік қаржыландырусыз, өнімдерді сатудан және инвестициялық қызметтен пайда ала отырып жүргізеді.