200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ

200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ
Сурет: Egemen.kz

Қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда екі есе аз.

Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ауылдағы денсаулық сақтау саласында бірқатар проблема бар. Динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің жеткіліксіз болуы байқалып отыр. Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда 2 есе аз», - деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқалуға арналған Үкімет сағатында.

Осы орайда ол бірқатар ауылда дәріхана пункттері жоқ екенін айтты.

«Ауылдағы кадрлық қамтамасыз етуге талдау жіргізіліп, 1 700-ден астам медицина қызметкерінің, оның ішінде 1000-нан астам дәрігердің тапшылығы анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы нысандарға инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ, сондай-ақ 400-ге жуық ауылда медициналық нысан жалға алынған немесе апаттық, бейімделген ғимараттарда орналасқан» - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ауылдық медициналық-санитарлық алғашқы көмекке қатысты медициналық инфрақұрылымның тозуы 50 пайыздан асып отыр.