20 күн ішінде 559 073 адамға ауызашар берілді

20 күн ішінде 559 073 адамға ауызашар берілді
Сурет: ҚМДБ

Сонымен қатар жолаушыларға «Ауызашар қоржындары», әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға «Рамазан қоржындары» таратылуда.

ҚМДБ бекіткен жұмыстың негізгі бір бағыты ретінде Рамазан айында «Ауызашар» акциясы ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz діни басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш акция аясында «Уақып» қоры мен «Зекет және қайырымдылық» қоры, сондай-ақ, ҚМДБ-ға қарасты «Қайырымдылық мекемелердің» ұйымдастыруымен мешіт жамағатына, медресе, қайырымдылық мекемелердің шәкірттеріне, студенттерге, қазыналы қарттарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ауызашар берілуде. Сонымен қатар, республика бойынша өкілдіктердің ұйымдастыруымен жолаушыларға «Ауызашар қоржындары», әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға «Рамазан қоржындары» таратылуда.

Рамазан айының алғашқы 10 күнінде 216 764 адамға берілген болса, ортаңғы 10 күнінде 342 309 мың адамға, ал жалпы 20 күн ішінде 559 073 адамға ауызашар берілді.

«Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушыны тамақтандырған ораза ұстағанның сауабын алады. Әрi ораза ұстаушының сауабы кемiтiлмейдi» дейді. Алла Тағала Пайғамбар өсиетіне амал етіп, ауызашар ұйымдастырған, оған үлес қосқан әрбір жомарт жанға Алла елшісі сүйіншілегендей ораза тұтушының сауабын, нәсіп етсін!» - деп жазды діни басқарманың сайты.