1931-1933 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШТЫҚ ҚАСІРЕТІ ТУРАЛЫ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІ

Рашид Ешенұлы Оразов, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының аға ғылыми қызметкері 

 

Қазақстандағы ашаршылықтың басты себебі бүкіл Одақ аумағындағы жағдаймен бірдей. Тұрғындар мемлекетке көп мөлшерде астық пен ет өткізуі тиіс болатын. Алайда халықта ондай деңгейде азық-түлік жоқ еді. Оның үстіне, колхоздар бастапқыда дұрыс жұмыс істемеді. Байларды қудалау, олардың мал-мүлкін тәркілеу, күштеп ұжымдастыру қалыптасқан әлеуметтік құрылымды бұзды. Мемлекет шаруалардың сенімінен айрылып, оларға салықты көбейтті. Осының салдарынан Кеңес Одағында азық-түлік тапшылығы туындап, кей аймақты ашаршылық жайлады.

Қазақстандағы әлеуметтік және экономикалық ерекшелікке байланысты большевиктердің саясаты өңірге ауыр зардап әкелді. Осы орайда азық-түлік дағдарысының зұлматқа айналуының екі себебі бар. Көшпенді қазақтар мен жартылай отырықшы қазақтарға мемлекетке зорлап, мәжбүрлеп ет өткіздірткендіктен, олар бүкіл шаруасынан айрылды. Оған қоса, күштеп отырықшыландыру саясаты тоқтаған жоқ. Сондықтан қазақтардың жағдайы қиындап, басқа этностарға қарағанда ашаршылықтың зардабын қатты тартты. Мәселен, мал өсіретіндер босқынға айналды. Өйткені билік олардың бар малын тартып алды. Кеңес Одағы билігі аш қалған халықты қолдауға асыққан жоқ әрі оларды қауіпті топқа жатқызды. Алайда мемлекеттен берілген болмашы көмек кешіктірілді. Соның салдарынан тиісті көмек жеріне жетпей, көп адам зұлматтың құрбанына айналды.

Халық комиссарлар кеңесі қорындағы құжаттарды қарау барысында оған көзіміз анық жетті. 1931 жылы 22 ақпандағы ОГПУ қызметкерлерінің берген есебінде Орал округіне қарасты Жымпиты ауданында азық түлік тапшылығынан ашығу деректері бар. Мысалы, №6 ауылда 3 адам аштықтан қайтыс болды, ісіну жағдайы тіркелген. №24 ауылда 7 отбасы — 29 адам аштықтан ісінген. Осындай фактілер сол облыстың басқа ауылдарында бар (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 123-іс. 10 п.). Осы жылғы мәліметтерге зер салсақ халықтың аштыққа ұшырауына сол кездегі билік басында отырғандардың жүргізген саясатының көрнісінен туындағанын байқаймыз. Алматы облысының Сарқанд ауданында, астық сатып алу процесінде кедейлер мен орта шаруаларға қатысты жергілікті билік тарапынан орын алған жаппай шектен шығуларға байланысты азық-түлік қиындықтары байқалады. Мәселен, Осиновка ауылында кедейлер мен орта шаруалар жақында ауылдық кеңеске ұйымшылдықпен келіп, нан жеткізуді талап етіп: «Егер сен астық бермесең, онда біз астық сақталған қоймалардың құлыптарын бұзамыз, бізді атсын». Осы жылы 15 ақпанда ауылдық кеңестің жанында көптеген адамдар жиналды, шамамен 150 адам, нан беруді талап еткен (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 123-іс. 24 п). Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылындағы азық-түлік қиындықтарына байланысты шілде айында 12 колхозшы отбасы колхоз мүшелігінен шыққан. Азық-түлік тапшылығына байланысты колхозшылардың көңіл-күйлері төмен. Колхозды басқарудағы қиындықтар туралы колхозшы Алимов: «колхозда жұмыс істеу мүмкін емес, өйткені олар нанды аз береді, егер осындай азық берсе, колхозшылардың отбасылары аштықтан өледі, сондықтан мен колхоздан кеттім» — деген. Сонымен қатар колхозшы Омаровта бұл сұраққа: «Тек осы колхоздар нанды өндірістен емес, азық-түлікпен беретін болған жағдайда, әйтпесе бүкіл отбасы аштықтан өліп жатқан жағдай бар, отбасымда 8 адам аштық зардабын тартуда. Мен бұрын жалдамалы жұмыс істедім, бұрын соңды бұндай ауыртпалықты бастан өткермегем» (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 123-іс., 98 п) —  деп айтуы большевиктік биліктің жергілікті халықты аштыққа ұрындыру саясатының бет пердесін аша түседі.

ОГПУ-дің арнайы берген есептеріне зер салсақ, аштық салдарын кеңестік билік бұрынғы байлардан көрген. Оған мысал, 1932 жылы ақпан айында Қаратал өңірінде аймақ басшылығына енген бай-ұлтшыл элементтің ерекше шектен шығуы мен диверсиялық жұмысынан туындаған аштық салдарынан халықтың жартысы тамақ іздеп босып кетті. Ақжановтың басшылығымен қоныс аударған 8 және 9 ауылдар толығымен жойылды. Тек осы екі ауылда 420 аштан өлген жағдай тіркелді. №2 ауылда осы ауданнан аштықтан қайтыс болған 6 тұрғыны анықталды. Қаңтардың басында аштықтан ісінген 15 отбасы Балқаш көлі аймағынан Кескентал елді мекеніне жеткізілді. Павлодар облысында азық-түліктің тапшылығынан және кейбір жағдайда толықтай жетіспеуіне байланысты біз желтоқсанның екінші жартысы мен қаңтар айларында облыста колхозшылар мен олардың отбасыларының 60 аштық жағдайын тіркедік (6 ауылдан — 26 адам; 11 ауылдан — 20 адам, 19 ауылдан — 13 адам). Кулактар мен байлар орналасқан ауданішілік посолкеге жақын 1 ауылда 40 адам аштықтан қайтыс болды. Сондай-ақ, жаппай аштықтың орын алуына байланысты кей жерлерде өлген жануарлардың еті мен ит етін жеу оқиғалары тіркелген. Абыралы ауданындағы 6-шы ауыл тұрғыны Бимұрзин иттің етін тамаққа пайдаланған. 14 ауылда колхозшылар өлген малдың етін жеген. Ырғыз ауданында колхозшылар мен отбасы мүшелерінің аштықтан өлуінің 10 жағдайы тіркелді (1, 5, 2, 3, 15 ауылдардан). Толық емес мәліметтерге сүйенсек, 42 колхоз шаруашылықтары азық-түлік қиындықтарын бастан кешуде, оның 23-і өлген мал терілері мен еттерін тамақ үшін пайдаланады. Тамақтанбау салдарынан колхозшылардың отбасыларының аштықтан ісінуінің 32 жағдайы тіркелді (1 ауыл — 19, 2 ауылдан — 6, 15 ауылдан — 5) (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 153-іс. 2-16 пп).

1932 жылы 10 қазандағы ауыл мен селодағы азық-түлік қиындықтары туралы ОГПУ-дің арнайы есебінде: Биылғы жылдың көктемінде өлкенің 70-тен астам аудандарын қамтыған өткір азық-түлік қиындықтары кейбір аудандарда әлі де орын алуда, ал кейбір жағдайларда олар одан да ауыр (мысалы, Торғай және Батбақара аудандары). Біздің мәліметтеріміз бойынша, ағымдағы жылы облыста өндірістік қиындықтарға байланысты 14 549 адам қайтыс болды, оның 2500-і қыркүйек-қазан айларында өлген. Аймақтар тұрғысынан бұл мәліметтер келесі кестемен сипатталады:

облыстар 1/12-1931 және 30/06 1932 жылдардағы өлім саны 1 желтоқсан 1931 — 1 қыркүйек 1932 жылдар аралығы 1 қыркүйек пен 10 қазан аралығы 1932 ж. барлығы
Оңтүстік 416 адам 62 адамк 478 адам
Шығыс 3453 адам 528 адам 19 адам 4000 адам
Қарағанды 414 адам 1358 адам 1772 адам
Ақтөбе 2273 адам 1000 адам 2337 адам 5610 адам
Алматы 1592 адам 969 адам 2561 адам
Батыс 128 адам 128 адам
Барлығы 8276 адам 3917 адам 2356 адам 14549 адам

Ескерту: келтірілген сандар толық емес, өйткені олардың бұрынғы деректерін нақтылай отырып, соңғы ақпарат әлі де толық түспеді.

Торғай ауданында өткен жылы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 4452 адам аштықтан қайтыс болды. Өлім жалғасуда. Күніне орта есеппен 20 адам қайтыс болады. Ауданда 7700 адам мүлдем азық-түліксіз қалғандығы тіркелген. Осындай жағдай көршілес Батбақара ауданында да бар, онда 8400 адам мүлдем тамақтанбайды.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қарсақпай аймағында 23 маусым мен 23 шілде аралығында облыста 62 адам аштықтан қайтыс болды. Күніне орта есеппен 3 адам қайтыс болады. Қарағанды ​​облысының Жаңаарқа ауданында 1 шілдеден 20 тамызға дейінгі аралықта аудан орталығында аштықтан 20 адам қайтыс болды, осы кезеңде барлығы 144 өлген және 1947 адамның аштықтан ісінуі тіркелген.

Қарағанды. «Севказстрой» Қарағанды ​​шахталарына келген мигранттарды қабылдамады және оларды тамақ пен тұрғын үймен қанағаттандырудан бас тартты. Осыған байланысты мигранттар арасында жаппай аурулар мен аштықтан өлу жағдайлары пайда болды, олар күніне 30-дан астам адамға жетті. 1 шілдеден 25 тамызға дейінгі аралықта полицейлер ішкі босқыншылықтан қайтыс болған 806 деректі анықтады оның біразын босқыншылыққа ұшырағандардың өздері жерлегендігі көрсетілген. Қайтыс болған мигранттардың арасында бұрын жұмысында болған, бірақ өндірістік стандарттарға сәйкес келмегені үшін жұмыстан шығарылғандар да болды, бұл жұмысшылардың отбасыларына рациондарын ауыстыруына байланысты жұмысшылардың сарқылуымен түсіндіріледі (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 164-іс. 128-133 пп.).

Осы жылғы ОГПУ мәліметтерінде азық-түлік тапшылығына байланысты Павлодар қаласында ашыққан қаңғыбас балаларға толды.  Балалардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. 1932 жылы 29 қаңтарда 43 адам болса, 1 ақпанда бұл көрсеткіш 65 адамға дейін өсті. Балаларды бос суық үйге орналастырылған, оларға тамақ мүлдем берілмейді, нәтижесінде олар аштықтан өле бастады. 31 қаңтарда жүргізілген тексеріс негізінде бір үйден 10 баланың мәйіті табылды, олар бір жастан 8 жасқа дейінгі, дені қазақтар болған.  Сондай-ақ өлім аузында тағы да 8 бала жатыр деп көрсетілген. Аудандық атқару комитеті мен жауапты басшылықтар азық-түлік тапшылығын жоя үшін 10 мың сом қаржы мен азық-түлік бөлген (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 153-іс. 20 п.). Аштықпеп қатар ел аумағында түрлі ауыру індеттер де қатар жүріп, жығылған үстіне жұдырық болған. Мысалы, Әулие-Ата ауданының 36, 37, 38, 39 ауылдарда және Михайловка селосында қара шешек эпидемиясының таралуы қазір үлкен мәселеге ие болып отыр. Өлім-жітімнің едәуір өсуі байқалады, негізінен мектеп жасындағы балалар: Михайлов селосында 70 адам қайтыс болды, жоғарыда көрсетілген ауылдарда күніне 10-15 адам өледі. Жергілікті билік тарапынан эпидемиямен күресу шаралары жеткіліксіз және дәрігерлік біліктіліктің төмендігі мен дәрі-дәрмектердің жеткіліксіздігінен аурумен күресте қажетті нәтиже бермей тұр (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 158-іс. 30 п.).

Шығыс Қазақстан облысы Белағаш ауданындағы ОГПУ-дың бөлімінің ақпараты бойынша, нашар тамақтану мен күтімнің жоқтығынан балалар үйінде өлімнің жоғары деңгейі байқалды, оның көпшілігі босқыншылыққа ұшыраған қазақтардың балалары. Сондай-ақ Красный ауылында сәуір мен 30 мамыр аралығында барлығы 660 баланың 259 адам қайтыс болды. Қалғандары арасында ауру адамдар көп. Тамақтану мен күтім өте нашар. Осы мәселе бойынша іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылуда. Дәл осындай жағдай Стеклянка ауылында да байқалды, онда 170 адам қайтыс болды. Балалар үйіне азық-түлік пен қаражат алған балалар үйінің меңгерушісі Бережненко қашып кетті. Бережненконы іздеу шаралары қабылданды (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 158-іс. 239 п.). Алынған телеграф хабарламаларына сәйкес, таяуда Ақтөбе мен Семей облыстарында іш сүзегі мен шешек эпидемиясы күшейе түскендігін көруге болады, мысалы: Торғай ауданында 800 адам шешекпен ауырып, оның 600-і сауығып, 150-і қайтыс болды. Сондай-ақ, Батбақарада іш сүзегімен ауырған бірнеше адам бар. Оның үстіне, аштықтан өлім оқиғасы өсе түскен. Қазіргі уақытта, ақпарат бойынша, Торғайға 1025 центнер астық бөлінген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Торғайдан Батбақараға тифпен күресу үшін бір дәрігерді және шешекке қарсы вакцинация үшін үш тыңдаушыны жіберді.

Семейде сүзек эпидемиясы кең етек алған: ауруханалар толып кетті, күн сайын 10-20 сүзекпен ауырғандарды қабылдамайды. Аймаққа санитарлық көмек берілмеген. Жергілікті ұйымдар шешімді шаралар қабылдамайды. Ақша, азық-түлік, медициналық персонал және дезинфекциялық жабдық қажет. Қалалық кеңес 700 орындық барак ашуды жоспарлап отыр. Дәл осындай жағдай Шыңғыстау, Павлодар және Қу аудандарында да орын алып отыр (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 158-іс. 216 п.).

1932 жылдың қыркүйек айында Көкшетаудағы балалар үйінде бір айда 170 бала қайтыс болғаны тіркелсе, Ақмола қаласында бір айда 90 баланың 30-ы аштан өлген. Қарағандыдағы балалар үйінде алғашқы он күндікте 100-ге дейін бала өлімі тіркелген. Еңбекшілдер ауданында біз балалар үйіне аудандық атқару комитетінің ғимаратын босаттық, өйткені шамамен 400 бала өте қиын жағдайда. Балаларды бос сарайлар мен киіз үйлерге орналастырған. Киіз үйде болған балалардың арасында өкпесіне суық тиіп ауыратындардың көп пайызы бар. Сарайлардағы балалар бір бөлмеде 15-20 адамнан төсексіз, еденде жатуда – ауру балалармен саулары бірге. Ақмола қаласында 300-ге жуық бала бір дәлізде түскі ас ішеді, науқас балалар (іші өту) дәл сол жерге жіберіледі. Көкшетауда балалар көшеде ұйықтайды, себебі бөлмелер жөнделіп, әктелмеген, және жәндіктердің барлық түрлері соншалықты дамыған, олар түнде бөлмелерде ұйықтауға мүмкіндік бермейді деп көрсетілген (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 161-іс. 66-72 пп).

Алынған материалдарға сәйкес, 1932 жылдың жазында Қарағандыға қоныс аударушылардың ағыны үлкен болды. 1 маусым мен 1 тамыз аралығында Қарағандыға жұмыс іздеп босып келгендер 6558 адамға жетті, көбінесе Баянауыл, Қарқаралы, Қу, Павлодар, Ақмола, Тельмановка және басқа аудандардан. Оның ішінде 605 адам Қарағандыда жұмыс істеуге қалдырылып, қалған 5300-ге жуық адам бұрынғы тұрғылықты жеріне кері жіберілді. Ішкі босқыншылыққа ұшыраған қатарында саналатын 608 бала Қарағанды ​​мен басқа аудандардың балалар үйіне орналастырылды. «Севказстрой» мекемесіне жұмыс істеуге келген мигранттарды қабылдамады және оларды тамақпен және баспанамен қанағаттандырудан бас тартты, осыған байланысты мигранттар арасында ауырып қалу және аштықтан өлім жағдайлары орын алуда, күніне 300-ден астам адам жұмыс іздеп келеді. 1 шілдеден 25 тамызға дейінгі аралықта полиция ішкі босқыншылыққа ұшырағандардың туыстары немесе жақындары өздері жерлегендерді есепке алмағанда аштан өлген 806 мәйітті анықтады (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 161-іс. 91-93 пп).

1932 жылғы қарашада ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің құпия бөлімінің қолда бар ақпаратына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының Қарқаралы ауданында іш сүзегі ауруының прогрессивті өсуі байқалады. Мәселен, мысалы «маусымда 21 жағдай, шілдеде — 45, тамызда — 46, ал қыркүйекте бөртпе сүзек пайда болды (4 жағдай). Сондай-ақ, ветеринарлық персонал, дәрі-дәрмектер және тифпен күресу құралдарының жеткіліксіздігі көрсетілген. Осыған орай денсаулық басшылығынан көтерілген мәселе бойынша қабылдаған шараларыңыз туралы хабарлауыңызды сұраймын» — делінген мәліметтерде (ҚР ОМА. 30-қ. 8-т., 11-іс. 21 п).

1933 жылы 17 қаңтарда Ораз Жандосовтың орталық билік орындарына жолдаған мәліметінде: «сегізінші қаңтарда мен Ново-Троицкийде болдым (Шу ауданының орталығы). Шу арқылы Қырғызстанға өткен Жаңаарқалықтар екенін білдім. Олар топ-тобымен жүрген. Нақты саны белгіленбеген. ОГПУ-дің аймақтық бөлімінің қорытындысында аймақ экономикасының апатты құлдырауы туралы айтылған, ал Ембаев жолдастар Гуляевский ауданындағы адам етін жеу туралы хабарлайды. Ново-Троицкийдің өзінде тәулігіне 10-12 мәйіт алып кететін жағдай болған (мигранттар арасынан). Талас ауданының Үш-Арал және Байқадам учаскелеріндегі азық-түлік қиындықтарының жағдайы қаншалықты күрделі екенін 5-ші қаңтар мен 10-шы қаңтар аралығында Әулие-Атаға баратын Үш-Арал жолының бойынан 24 мәйітті алып кетуінен байқауға болады. Өлім деңгейі жоғары. Қаңтардың 5 мен 6 күнедері аязды уақыттарда 84 адам қайтыс болды, олардың ішінде 20-дан астамы балалар базардағы шайханалардың пештерінде тоңып қалды. Желтоқсанның соңғы күндерінде аз адам қаза тапқан жоқ. Осыдан кейін адам өлімі жаппай сипат алды. Күніне оншақты мәйіт жиналады. Балаларды ата-аналары суға тастаған жағдайлар бар. Мұны тек куәгерлер ғана емес, ресми мекемелер де айтады. Төсенішке орап, сыммен байланыстырып, электр станциясы маңындағы суға тастаған бір баланы құтқарылды қазір қалалық ауруханада жатыр. Қаңғыбастықтық дамыған. Базардағы жүдеу адамдар сатушыларға шабуыл жасап, олардың тамағын тартып алады. Мигранттардың арасында жуырда бөртпе сүзек мен шешек аурулары тіркелген (ҚР ОМА. 30-қ. 8-т., 12-іс. 120-125 пп).

1933 жылы 12 ақпанда келіп түскен соңғы мәліметтер бойынша, Әулиеата қаласында ішкі босқыншылық салдарынан 10 000 адамға дейін жинақталған, оның ішінде Қазақстанның әр аймақтарынан келген 2000 бала бар. Мигранттар арасында ресми түрде аштық пен эпидемиядан 1000-нан астам өлім тіркелді. Тек қаңтарда 251 адам, ал ақпанның 10 күнінде 713 адам қайтыс болды. Қарағанды ​​облысында ішкі босқыншылық негізінен тамыз-желтоқсан айларында өтті. Сарысу ауданынан Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қырғызстан бағытында 5000-ға жуық шаруа қожалықтары, Жаңаарқадан — 2195 шаруа қожалықтары, негізінен Қарағанды ​​мен Ақмолаға, Айыртаудан 410 шаруа қожалықтары — Орал облысына, Кзылтудан — 192 шаруа қожалықтары Сібірге қарай қоныс аударды. Адам жеу фактілері облыста, атап айтқанда Қызылту, Айыртау аудандары мен Қарағанды қаласында тіркелген. Жаңаарқа ауданының 7-ші ауылында бір топ аш адамдар алдын-ала ауылдық кеңестің төрағасын өлтіріп, оның етін жеу мақсаты болған.  Қарағанды ​​қаласы мен оның маңынан 15 қарашадан 1 ақпанға дейін 874 мигранттың аштықтан тоңып өлген мәйіті шығарылды. Эпидемиялық аурулар қалаларда көбейген, әсіресе Петропавл мен Қарағанды қалаларында аурғандар 80% дейін жеткен. Желтоқсан мен 5 ақпан аралығында эпидемиялық аурулар қалаларда тіркелуі: 241 – шешек, 737 – сүзек, 38 – іш аурулары, аймақтар бойынша: 167 — шешек, 803 — сүзек, 703 іш аурулары (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 186-іс. 96-98, 197-168 пп).

1933 жылы Өзбекстанға аштықтың салдарынан босып барған қазақтардың тағдыры туралы Ермұхамедовтың орталыққа жолдаған хаттарында мынадай да мәліметтер кездесті. «Аштықтан босқан 500 отбасы Өзбекстанға Камир қаласына көшіп келді, онда өзбектер оларды салқын қабылдап, тіпті мазақ ете бастады. Біріншіден, өзбектер базардан азық-түлік сатып алуға тыйым салды. Жиырма шақты өзбектер қыстақтарда жұмыс істейтін қазақтарды таяқпен ұрып қысымшылықтар көрсетті, өзбектердің мұндай әрекеттеріне шыдамы таусылған қазақтар, ауылдан ауылға көшіп жүрді. Ауылдарда жұмыс істейтін кейбір қазақтарға жұмыс берілмеді және қазақтар адам етін жегіштер деп қорлықтар көрсетілді. Сондықтан біз, Қазақстанның жұмысшылары, Өзбекстандағы қазақстандықтардың сөзсіз өлімін құтқару үшін, қоныстану үшін белгілі бір жер беруді және аштыққа тиісті көмек көрсетуді, жұмыссыздарды жұмысқа тағайындауды сұраймыз» — деген мазмұндағы хаттар Қазақ Орталық атқару комитеттіріне жолданғанына көз жеткіздік.

Аштықтан аман қалуды ойлаған қазақтар осы жағдайдан шығудың жолын іздеді, аздаған меншіктерін сатқанынша сатып, Қазақстанды тастап, Өзбекстанға, келесі аудандарға көшті: «Катты-Корезян», «Кітап», «Журебулак», «Кзил-Тубе», «Кариш», «Сталинобад» және шығыс Ауғанстан шекарасына дейін. Олар төрт бес ірі қара малын қорғайтын жер таппай, бір жерден екінші жерге көшіп жүрді және олардың көпшілігі тонаудың кез-келген түріне ұшырап, барлық жолда ұрылардың жемі болады. Өзбекстанда орналасқан мыңдаған қазақ отбасыларының кейбіреулері сонда қайтыс болды, ал қалғандары тыныштық пен жұмыс таба алмай, қыстақтан қыстаққа көшіп жүрді.

Ал, қырғыз  жеріне аштықтан босып барған қазақтардың тарихи тағдыры мына мәліметте төмендегідей көрсетілген. Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Прокурорының айтуынша, құрбан болғандар негізінен балалар болып табылады. Көшпелі қазақтар арасында аштық барысында адам жегіштік оқиғалары жиілеген. Сонымен, 7 маусым күні  Тоқмақ қаласының Фрунзе ауданы, көшпелі қазақтарды тамақтандыратын жердің жанында 6 жасар қазақ қыздың мәйіті табылды, ішегі мен басы жерде жатқан, ал баланың денесі қазірдің өзінде қазанға пісірілген болатын. Тергеу анықтағандай, қызды аштықтан аман қалу үшін 3 ер адам мен әйелдер пышақтап өлтірген. Сол жерде, басқа да жерден тамаққа дайындаған қыздың мәйіті табылды. Жалпы, тамақтану пунктінің айналасынан адамның бірқатар сүйектері (кеуде, қабырға, жілік, жамбас сүйектері және т.б.) табылды. Қазақ босқыншылары үшін осындай қиын азық-түлік жағдайына қарамастан, РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің осы жылғы 21 наурыздағы №246 шешімі бойынша, қазақтарға көмек ретінде Қырғыз АССР-інен — 1 225 000 сом ақша бөлдірткен, өкінішке орай бұл қаржы әлі түспегендігін айтқан (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 151-іс. 100 п).  Босқыншылыққа ұшырып көршілес елдерге ауған қазақтарды азық-түлікпен қамту мәселесін көтеріп, сол жердегі басқару орындарына хаттар түсірген Т. Рысқұловтың ерен еңбегін ерекше атап өткеніміз орынды. Қорыта келгенде 1931-1933 жылдары қазақ даласында орын алған алапат аштықтың барысын орталық мемлекеттік архивтің қорында сақталған деректер негізінде көрсеттік.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *