Жалғыз жаңа ойыншы, 13 түлек

 Футбол

Осы дүйсенбіде Алматыда «Қайрат» командасы жаңа маусымның тұсаукесерін өткізді.

Карантин талаптарына сәйкес, «Қайраттың» базасындағы тұсаукесерді жанкүйерлер команданың YouTube арнасынан тікелей эфирде тамашалады. «Қайрат» жылдағы межесінен бас тартып отырған жоқ. Мұны команданың бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев та нақтылады.

«Біз маусымға өте жақсы дайындалдық. Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткіздік, мықты командалармен ойындар өткіздік. Өкініштісі, өткен жылы УЕФА жасөспірімдер лигасының ойындары кейінге шегеріліп еді, биыл мүлде өтпейтін болды. Әйтпесе, ізбасарларымыз да бұл турнирге жан-жақты дайындалып, күшін сынап көруге сақадай сай отыр еді. «Қайраттың» жанкүйерлерін 13 наурызда басталатын ел чемпионатында асыға күтеміз. Әрине, карантин талаптарын толық сақтаймыз, стадионға арнайы рұқсат етілген көлемде ғана адамдарды жібереміз», – деді ол.

 

Алексей Шпилевский, «Қайрат» командасының бас жаттықтырушысы:

– Жаңа чемпионаттың басталуын асыға күтіп отырмыз. Команда маусымға толық дайын. Ұзақ жыл үзілістен кейін чемпион атансақ та, өткен жыл тарих еншісінде қалды. Енді жаңа маусымда сол биіктен төмендемеуіміз керек. Жаңа мақсат пен меже қойылды. Футболшылар жақсы түсінеді, жақсы сезінеді. Жазда «Қайрат» ел атынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. Бұл сынға да барымызды салып, Қазақстан намысын сәтті қорғаймыз деп сенемін. Биылғы ерекшелік – «Қайрат» футбол академиясының түлектеріне мол мүмкіндік беріліп отыр. Былтыр негізгі құрамнан орын тапқан Нұралы Әліп, Артур Шушеначев, Данил Устименко сияқты ойыншылар қатарына биыл тағы бірнеше жас ойыншы қосылды.

 

Ресми сөздерден кейін «Қайраттың» жаңа маусымдағы ойын формалары таныстырылды. Дәстүрлі сары-қара форманы команда капитаны Ғафуржан Сүйімбаев жұрт алдында көрсетті. Биыл «Қайрат» сырт алаңдарда ашық көк түсті жейдемен ойнайды. Оны жаңа шабуылшы Штрели Мамба таныстырды. Ертең Түркістанда басталатын Қазақстан суперкубогында алматылық команда арнайы қара түсті формамен өнер көрсетеді. Бұл жейдені ортаға бразилиялық сұрмерген Вагнер Лав киіп шықты. Қақпашылар формасын таныстыру мәртебесі Д.Устименкоға бұйырыпты. Ал УЕФА кәсіпқой футбол клубтарының жанынан қыздар командасын ашуды да талап етіп отыр. «Қайрат» бұл үдеден де шықты. Жаңа маусымда ел чемпионатында Алматы атынан «Қайрат» қыздар командасы да жасыл алаңға шығады. Бірыңғай ақ форманы қақпашы А.Тихонова паш етті. 2018 жылы құрылып, жұрт алдында үлкен тұсаукесер жасаған көзі нашар көретін ойыншылардың командасының формасы да, «Қайрат» академиясының формасы да жұрт ықыласына ие болды.

Биыл «Қайраттың» бас демеушісі болып «Халық Банк» қала береді. Сондай-ақ, демеушілер қатарына QazaqOil» маркасы да қосылып отыр. Бұл бренд «Қайратпен» 2023 жылдың соңына дейін келісім-шарт жасасты. Сондай-ақ, 1ХBet букмекерлік компаниясы, McDonald’s маркасы, т.б. демеушілер де халықтық командадан алыстай қойған жоқ.

Құрамда қандай өзгерістер бар?

Жанкүйерлер, әрине, «Қайрат» намысын қорғайтын ойыншылардың таныстырылуын асыға күтті. Бірден айтайық, команда чемпиондық құрамын көп өзгерткен жоқ.

Кеткен футболшылар  – Абат Әйімбетов («Крылья Советов», Ресей), Еркебұлан Тұңғышбаев («Ордабасы»), Адам Адахаджиев («Жетісу», жалға берілді), Нұрлан Дайыров («Тараз»), Конрад Вржещиньски, Еркебұлан Сейдахмет.

Келген футболшы – Штрели Мамба («Падерборн», Германия).

Келуі мүмкін футболшы – Хосе Канте Мартинес («Легия», Польша).

Сонымен, жаңа маусымда «Қайраттың» өтініш-хаттамасына енген футболшылар:

Қақпашылар: №1. Стас Покатилов, 30. Данил Устименко, 31. Дінмұхаммед Жомарт, 72. Темірлан Анарбеков. Қақпашылар құрамында өзгеріс жоқ. Өткен маусымда осы  төрт қақпашы да негізгі құрамда өнер көрсетті. Покатилов негізгі қақпашы болатыны күмәнсіз.

Қорғаушылар: 3. Сергей Кейлер, 4. Нұралы Әліп, 5. Ғафуржан Сүйімбаев, 13. Камо Оганесян, 20. Раде Дугалич, 24. Дино Миканович, 33. Денис Поляков, 54. Лев Кургин, 57. Равиль Ибрагимов, 75. Александр Широбоков. Қорғаушылар құрамы да көп өзгеріске түскен жоқ. Мұндағы жаңа есім – Л.Кургин. Ол «Қайрат» академиясынан шақыру алып отыр.Яндекс.Директ

Жартылай қорғаушылар: 6. Яцек Гуральски, 7. Гүлжігіт Алықұлов, 8. Айбол Әбікен, 17. Сұлтанбек Астанов, 22. Небойша Косович, 23. Андрей Ульшин, 29. Данияр Үсенов, 46. Әрсен Бораншиев. Оқу-жаттығу жиынында Гуральски ауыр жарақат алып қалды. Оның аяғына ота жасалды, енді жаздың ортасына дейін емдеу шараларымен айналысады. Бас бапкер А.Шпилевский поляк футболшысының орнына жаңа ешкімді шақырудың қажеті болмағанын айтып өтті. Өйткені, команда академиясынан негізгі құрамға шақырылып жүрген Үсенов, Ульшин, Бораншиев сияқты жастар өздерін көрсете алған сияқты.

Шабуылшылар: 9. Вагнер Лав, 10. Штрели Мамба, 11. Адеринсола Эсеола, 19. Артур Шушеначев. Мергендер сапына Германиядан Мамба қосылды. Ол Ресейге жол тартқан Әйімбетовтің орнын басады делініп жүр. Оқу-жаттығу жиындарында Шушеначев те жақсы көзге түсті.

Байқап отырғандарыңыздай, биыл алматылық команда өз түлектеріне көп сенім артып отыр. Негізгі хаттамада 13 түлектің болуы, шынында да, үлкен оқиға. Өткен маусымның соңында «Қызылжарға» және «Таразға» қарсы «Қайраттың» жас футболшылары ойнап, ерекше жылы әсер қалдырған еді. Биыл сол өскіндердің бәрі ерекше мүмкіндікке ие болып отыр.

Әйімбетовтің нөмірін бұл жолы Г.Әліқұлов иеленіпті. Басқа футболшылар өз ойын нөмірін сақтап қалды.

«Қайрат» Olimbet-Қазақстан чемпионатын 13 наурызда Алматыдағы Орталық стадионда «Жетісуға» қарсы ойынмен бастайды. Одан кейін Қызылордада «Қайсармен» кездеседі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *