11 тамызға арналған ауа райы болжамы

11 тамызға арналған ауа райы болжамы
Сурет: Ашық дереккөз

Қазақстанның басым бөлігінде найзағай ойнайды, күн ыстық болады

11 тамызда Қазақстанның 9 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер найзағай ойнап, жаңбыр жауады, кей жерде аптап ыстық болатынын ескертеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, 11 тамызда Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, шығысында найзағай ойнап, бұршақ түседі деп күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман түсетіні болжанады. Күндіз облыстың оңтүстігінде соққан желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.

Таңертең және күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, күн күркірейді деп күтіледі. Солтүстік-шығыстан соққан жел таңертең және күндіз таулы асуларында 15-20 м/с құрайды, облыстың оңтүстігінде, шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысында күндіз ауа температурасы 37 градусқа жетеді, Атырау облысында да 37 градус аптап ыстық күтіледі. Өңірдің солтүстігінде, сондай-ақ Қызылорда облысында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбе облысында да ыстық болады, сынап бағаны 36 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, түнде Қарағанды облысының солтүстігінде тұман түседі, солтүстік-шығыстан жел соғады, найзағай кезіндегі екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін.

Жетісу облысының шығысында және таулы аудандарында бүгін, 10 тамызда найзағай ойнайды деп күтіледі. Батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, кей тұста 25 м/с жетеді.

11 тамызда күндіз Абай облысының солтүстігінде нөсер жаңбыр жауады. Облыстың басым бөлігінде найзағай ойнап, өңірдің батысы мен оңтүстігінде бұршақ түседі деп күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні күндіз облыстың батысы мен оңтүстігінде 15-20 м/с құрайды.