«100 шақырым+» жарысына қатысып, қомақты қаржы ұтуға болады

«100 шақырым+»  жарысына қатысып, қомақты қаржы ұтуға болады
Сурет: 24.kz

Қазақстандықтардың арасында жаңа челлендж жалғасып жатыр

«100 шақырым+» жарысына қатысып, бақ сынағысы келетіндер көбейді. Бастысы, осы аралықты 2 айда еңсеруі тиіс. Сосын сыйлық ұтысына қатыса алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

«100 шақырым» челленджіне қатысушыларының бірі – елордалық Алмас Анарбеков. Ол Нұр-Сұлтандағы педогогикалық колледждің оқытушысы. Информатика пәнінен дәріс береді. Бос уақытын жүгіруге арнайды. Салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі дәрежедегі спорттық жарыс, марафондарға қатысып тұрады. Таяуда Астана марафонында бақ сынап, 10 шақырым қашықтықты 51 минутта еңсерді.

«Жүгіру ұнаған соң, хоббиіме айналған соң, әлеуметтік желіден жарнама көріп қалдым. Сол арқылы челлендж туралы білдім. Қазір 30 км жүгірдім», - дейді қала тұрғыны Алмас Анарбеков. 

Алмас келешекте кәсіби марафоншы болғысы келеді. 22 жастағы жігіт жүгірудің қоғамда қалыпты өмір салтына айналғанын қалайды. Достары мен шәкірттерін де осыған үндейді. Ол«Жүгір.кз» сайтына 500-ші болып тіркелген. Челленджге 100 шақырымды бағындырам деуші кез келген адам қатыса алады.

«Егер мүмкіндік болса, күніне 3-4 км жүгірген дұрыс. Денсаулыққа жақсы. Жүгіру адамға алдағы күнге деген құлшыныс пен энергия береді», - дейді Алмас Анарбеков. 

Челлендж қарашаның соңына дейін жалғасады. Желтоқсанда жеңімпаздар анықталады. Мақсатқа жеткендер 1,5 млн теңге немесе өзге де бағалы сыйлықтарды ұтып ала алады.