«100 шақырым+» онлайн жүгіру челленджіне қатысушылар саны артуда

«100 шақырым+» онлайн жүгіру челленджіне қатысушылар саны артуда
Сурет: Rg.ru

Салауатты өмір салтын дамытуға бағытталған шара

Заманауи технологиялар қашықтық пен жүгіру жылдамдығын бақылап қана қоймай, еліміздің кез келген тұрғынына бұқаралық жарысқа қатысуға жағдай жасап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Онлайн үрдістің тиімділігін Медет Сағындықов та құптайды. Республикалық марафонға интернет қосымшасы арқылы тіркеліп, спорттағы жетістігін байқап көрмекші.

«Ауырып қалғаннан кейін денсаулығымды дұрыстаймын деп аптасына 1-2 рет жүгіруге шыққан болатынмын. Сол әдетке айналып кетті. Содан жүйелі түрде жүгіріп, қазір денсаулығым жақсы», - дейді спортшы

Марафон басталғалы Медет Сағындықов 65 шақырымды бағындырды. Тиісті межеге қазанның соңына дейін жетуді көздейді. Республикалық челлендж қорытындысы шыққанша тағы 100 километрді еңсеру ойда бар. Осы уақыт аралығында әуесқой спортшыны қолдап, бұқаралық жүгіруге қосылған жандар да табылды.

Әуесқой спортшылардың айтуынша, жүгіру – спорттың ең тиімді түрі. Себебі ол үшін тек ыңғайлы аяқ киім мен ниеттен өзге еш нәрсе қажет емес.

Аталған байқауға кез келген қазақстандықтың қатысуына болады. Ол үшін жобаға тіркеліп, мобильді қосымшаны көшіріп алу керек. 1 қазан мен 30 қараша  аралығында 100 шақырымды бағындырғандар ақтық сынға жолдама алады. Жүлде қоры – 1 500 000 теңге.