100-ден астам қазақстандық "Құрметті донор" атағын алды

100-ден астам қазақстандық "Құрметті донор" атағын алды
Сурет: Іz.ru

Елімізде "Құрметті донор" атағын алу үшін 40 рет қан тапсыру керек.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақовтың айтуынша, жыл сайын бізде шамамен 80 мыңға жуық науқасқа қан құйылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қазіргі кезде Қазақстанда қан құю саласында жұмыс істейтін 470-ке жуық медицина ұйымы бар. Жыл сайын бізде шамамен 80 мыңға жуық науқасқа қан құйылады. Оларға 400 мыңға жуық қан құю процедурасы жүргізіледі. Елімізде медицина ұйымдары 100 пайыз қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Көбіне қан компоненттері акушерлік тәжірибеде, онко-гематологияда, хирургияда және травматологияда пайдаланылады», - деді Б. Сарымсақов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол қан құю күрделі процесс екенін, қан орталықтарына 300-ге жуық дәрігер тартылатынын айтты.

«Бұл сала мемлекеттің қолдауынсыз өзінің нәтижесін бермейді. 2008 жылдан бастап елімізде заманауи 10 қан орталығы құрылды. Бұл орталықтар соңғы буынды технологиямен қамтылды. ТМД елдері арасында Қазақстан бірінші болып қан донорларына қатысты екі кезеңді скринингті енгізді. Бұл өз кезегінде инфекциялық ауруларды анықтауға көмектеседі», - деді басқарма басшысы. Оның сөзіне қарағанда, 2 мыңнан астам қазақстандық донор болып саналады. Сонымен қатар, елімізде 100-ден аса адам «Құрметті донор» атанған.

Қазақстанда құрметті донор атағын алу үшін 40 рет қан тапсыру керек. 2005 жылғы мамырда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында әлемнің денсаулық сақтау министрлері өз еркімен қан тапсыруды қолдау туралы өтінішті қабылдады. Бүкіләлемдік қан тапсырушы күнін жыл сайын маусымның 14-інде өткізіп тұру туралы қарар қабылданды.