10 жыл бұрын құрылысы басталған концерт залы бұзылатын болды

10 жыл бұрын құрылысы басталған концерт залы бұзылатын болды
Сурет: Ашық дереккөз

Оның орнына қайтадан жаңа концерт залын тұрғызу жоспарланып отыр

Президент тапсырмасына сәйкес, Атырауда құрылысы тоқтап тұрған концерт залы бұзылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Президент былтыр Атырауға келген сапарында 10 жыл бұрын салына бастаған Концерт залы әлі пайдалануға берілмегенін сынаған болатын.

«Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы –Құрманғазының атымен атауды ұсынамын. Атырау әрбір тұрғынға қолайлы, таза, заманауи қалаға айналуға тиіс. Қалада кейбір нысандардың құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұр. Мысалы, 10 жыл бұрын салына бастаған Концерт залы әлі пайдалануға берілген жоқ. Тіпті, оның ғимараты жарамсыз күйге түсті. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, осындай нысандарды салып бітіру мәселесін біржола шешуге тиіс. Қажет болса, инвесторларды тартыңыздар. Халық мұндай ғимараттардың игілігін көруі қажет», - деген еді жиында Қазақстан Президенті.

Енді Президент сынына ілінген концерт залының ғимараты бұзылатын болды. Бұл нысанның құрылысы он жылдан бері тоқтап тұр.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, концерт залының техникалық жағдайына сараптама жүргізілген. Сараптаманың нәтижесінде металды және темірбетонды конструкциялардың жарамсыздығы туралы қорытынды берілген.

«Концерт залының ғимараты толықтай бұзылады. Оның орнына қайтадан жаңа концерт залы тұрғызу жоспарланып отыр. Ғимараттың жанынан мұражай салынады. Қазір «BI Group» компаниясымен эскиздік жобасы жасалып жатыр. Барлығы арнайы дайындалып жатқан жобадан кейін белгілі болады. Нысанның сол аумағы қала ма, жоқ па, бұл да нақтыланады», - деп хабарлады Нұрберген Құсайынов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда құрылысы тоқтаған концерт залының орнына мәдениет орталығы салынатынын жазған едік.