«1 жыл, 11 ай, 3 күн»

«1 жыл, 11 ай, 3 күн»
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қуандық  Ермұханбеттің «1 жыл, 11 ай, 3 күн» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шығармада автордың өз басынан кешкен оқиғалары, 1986 жылы қабылданған ресми құжаттар мен қаулылар топтастырылған. Аталмыш кітапта сол зұлмат кезеңді арқау еткен оқиғалар кезең-кезеңімен баяндалған.

Автор бастапқы бейбіт шеруді ұйымдастырушы ретінде КарЛаг-та жазасын өтеп шыққан соң,  «Желтоқсан» қоғамдық-саяси бірлестігі мен партиясын құрып,  ықпалды қайраткерлермен бірге көп жылдар бойы әділдік пен азаттық жолында күрескен желтоқсаншыларды ақтаумен айналысқан. Әрі Желтоқсан көтерілісінің тарих беттерінде көрініс табуына, жастардың санасында сақталуына ықпал еткен.

 «Кітапты жазып шығару аяқ-астынан ойға келген жоқ. 2019 жылы қараша-желтоқсан айларында әлеу желідегі парақшама алғашқы бөлімдерін жазуды бастадым. Бастапқыда оқырмандарым жоқ еді, бара-бара көбейе бастады. Сонымен қатар, Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жазықсыз сотталып кеткен 110 адамның өмірі де кітап жазуға әсер етті. Қазір қарап отырсақ, Алматы қаласында жыл сайын «желтоқсаншылар» ұйымы көбейді, жиналған сайын әркім әр түрлі ақпараттар айтып, 200-дей адам көз жұмды, сотталғандар саны көп дегендей алыпқашпа ақпараттар таратып жатыр. Осы жайттардың ақ-қарасын осы кітапта ақтарып, зерттеп жаздық. Өзім комиссия мүшесі болдым, бірнеше жыл Желтоқсан көтерілісін зерттеп, зерделедім. М.Шахановтың кітаптарында жазылмаған шындықтар жазылды.Нақты дәлелдер, шынайы жайттар жазылды кітабымызда.  «Желтоқсанды» жалау қылып, оны жара деп тырнай берудің қажеті жоқ. Бүгінгі күні біздер бұл көтерілісті архивке қойып, бұл ұлттың тарихындағы мақтанышы деп қарауымыз қажет. Міне осы жайлы кітабымда да атап өттім»,–дейді кітаптың  авторы Қуандық  Ермұханбет.

Іс-шара Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылды. Кітаптың таныстырылымына желтоқсаншылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Тарихшы-ғалымдар мұндай шығармалардың жарық көруі алдағы уақытта дұрыс тұжырым шығару және өскелең ұрпаққа Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруда таптырмас құрал екендігін атап өтті.

«Мен Ермұханбетпен көптен бері таныспын. Екеумізді табыстырған Желтоқсан көтерілісі. Тарих беттерінде өскелең ұрпаққа қайсарлықты ұғындыратын Желтоқсан көтерілісінің ашылмаған, ақтарылмаған жайттары көп. Ермұханбет осы кітабы арқылы біраз жайттарды анықтап берді. Кітап жайлы айтар болсам, маған екі дүние ұнады. Оның бірі оқиғадағы адамдардың аттарының өзгертусіз жазылуы, әрі тарих беттеріне жаңаша көзқараспен қарауы», – дейді саясаткер Дос Көшім.

«Ермұханбетпен КазГУ-дың тарих факультетінде қатар оқыдық. Біз қазақ бөлімінде, ол КПСС тарихы бөлімінде еді.

Үш бөлімнен тұратын кітаптың «Өмірімді өзгерткен Желтоқсан»  атты бөлімінде Мұрат, Рашид,  Талғат (марқұм), Союзхан сияқты группаластарымның аты жүр, жағымды-жағымсыз «достар» ретінде сипатталатындары да бар. Кітаптың «Қарашаңырақ - қасиетім», «Бізді тағдыр табыстырды» атты бөлімдері де қызықты. Қуанарлығы, автордың саяси қуғын-сүргіннен басталған студенттік өмірінің отбасы құндылықтарын сақтап қалуымен және жеке басының бақытымен аяқталуы болды», – дейді Күлпаш Ілиясова есімді апайымыз.

Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты көрсетуге тырысқан Ермұханбет ағамыздың еңбегі ерекше. Желтоқсан оқиғасының 85 пайызы осы кітапта көрініс тапты деп айтсақ, артық болмас.

Ермұханбет ағамыз 1986 жылы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушының бірі ретінде және Алматы  алаңындағы қақтығыстар ортасында болғаны үшін  5 жыл бас бостандығынан айырылады. Қарлагтың қатаң тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясына  айдалады.

 Бастапқы үкім 2 жылға қысқартылып, 1989 жылдың 3 ақпан күні, мерзімінен бұрын бостандық  алған соң, оқуына қайта қабылданып, 1992 жылы тарих және саясаттану  маманы  дипломын алып шығады.

Қуандық Ермұханбет 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін тексеру жөніндегі парламенттік комиссияның құрамында, оның жектекшісі М.Шахановтың қоғамдық көмекшісі бола жүріп, жазықсыз  құрбандарды ақтауға сүбелі үлес қосқан.