1 шілдеден бастап барлық ауыл тұрғыны медициналық тексерістен өтеді

1 шілдеден бастап барлық ауыл тұрғыны медициналық тексерістен өтеді
Сурет: Egemen.kz

Ауылдағы медицинаны жақсарту мәселесі талқыланды

Денсаулық сақтау министрлігі 1 шілдеден бастап барлық ауылда медициналық тексеріс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аудандар мен моноқалалардың бас дәрігерлерімен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, ауылда медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру денсаулық сақтау саясатының басты басымдығы болып қала береді.

"Негізгі медициналық, инфрақұрылымдық, технологиялық ресурстар қалаларда шоғырланған. Ал ауыл тұрғындары білікті медициналық қызмет, мамандандырылған көмек алуда әлі де қиындықтарға тап болуда. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір өмір үшін күресу, адам қай жерде тұрса да, ол біздің пациент болып қала береді, ал дәрігер оған ең қажетті көмек көрсетуге тиіс", - деді Ғиният.

Ол көптеген проблема жылдар бойы шешілмей, бүгінде денсаулық сақтау саласына үлкен жүктеме түсіріп жатқанын айтты. Бұл кадр тапшылығы, медициналық объектілердің тозуы, жол-көлік қатынасының әлсіздігі, ауылда медициналық техникамен жарақтандырудың төмендігі.

Министрдің айтуынша, ауыл тұрғындары амбулаториялық мекемелерге сирек барады, тек денсаулығы нашарлаған жағдайда ғана ауруханаға жатады. Өйткені тұрмыстық сипаттағы қиындықтарға байланысты жоспарлы емдеуден бас тартады.

"Осыған байланысты министрлік ауыл тұрғындарын бастапқы диагностикамен қамтуды арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараны іске асырып жатыр. Ол үшін барлық жастағы ауыл тұрғындарына профилактикалық тексеру жүргізу туралы бұйрықтың жобасы әзірленді. Оны 1 шілдеден бастап іске қосу жоспарланып отыр", - деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, ауылда медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі, медициналық көмек көрсету стандарттары қайта қаралады, көлік медицинасының арсеналы күшейтіледі.

Министр жергілікті атқарушы органдарды, аудандық деңгейдегі ауруханалар мен моноқалалардың бас дәрігерлерін, депутаттық корпусты ауылдағы медицина проблемаларын бірлесіп шешуге шақырды.