ҚР Ұлттық Банкі тәуелсіздік жылдары 600-ден астам коллекциялық монеталар шығарды

ҚР Ұлттық Банкі тәуелсіздік жылдары 600-ден астам коллекциялық монеталар шығарды
Сурет: Forbes.kz

Тиындар үш нұсқада жасалған

ҚР Ұлттық Банкі тәуелсіздік жылдары коллекциялық монеталардың 600-ден астам түрін шығарды. Олардың әрқайсысы бірегей. Кейбіреулері өткеннен сыр шертіп, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналса, енді біреулері мемлекеттік мерекелерге орайластырылған. Мәселен, қаржы институты 2021 жылдың басты мерейтойы - ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту ретінде арнайы монеталар әзірлеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Айта кетейік, бұл тиындар үш нұсқада жасалған. Номиналы 5 мың және 5 жүз теңгелік – күмістен, 100 теңгелік мельхиордан құйылған. Дизайнерлердің айтуынша, оларға 1993 жылғы үлгідегі отандық банкноттардың бірінші сериясында кірген көрнекті тарихи тұлғалар басылған. Қас бетіндегі портреттік қатардың ең алдында Тұңғыш Президент, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген. Ұлттық Банк монеталар бірегей технологиямен жасалғанын айтады.

«Бұл монеталарды әзірлеу барысында бірден үш технология қолданылды. Атап айтсақ, карталарды алтынмен жалату, портреттік қатар және сандық үлгіде басып шығару әдісі. Жоғарыда ту орналасқан. Егер мұқият қарасаңыз, интерференциялық кемпірқосақ жабыны бар. Яғни киіз үйді безендіру кезінде жасалатын сәндік қолданбалы өнер – басқұр банкноттың негізгі элементтерінің бірі болды. Салмағы 31,1 граммды құрайтын монеталар таралымға үш мың данамен шықты», - дейді ҚР Ұлттық Банкінің банкноттар мен монеталарды жобалау басқармасының бастығы Алмат Қасенов.

.