Қазақтандық режиссердің фильмі Кореядағы кинофестивальде үздік деп танылды

Қазақтандық режиссердің фильмі Кореядағы кинофестивальде үздік деп танылды
Сурет: Regnum.ru

«Мен түсінбеймін» қысқаметражды фильміне халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесі берілді

Қазақстандық режиссер Камила Норусованың «Мен түсінбеймін» қысқаметражды фильмі Кореяның Yechon қаласында өткен халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

10 минуттық туындыда интернационалдық отбасының өмірі сипатталады. Сюжет бойынша, корей азаматы мен оның Қазақстаннан келген әйелі бір-бірінің тілін түсінбейді. Бір күні жас жұбайлар аударма жасайтын құлаққап сатып алады. Фильмдегі басты рөлдерді қазақстандық студент Аида Азат пен оңтүстіккореялық Им Джон Мук сомдаған.

Айта кетейік, Камила Норусова – Талғар қаласының тумасы. 4 жылдан бері Оңтүстік Кореяда тұрады.

Жалпы байқауға 11 елден 948 фильм қатысқан. Барлығы ұялы телефонға түсірілген.

«Фестивальден кейін көптеген режиссер бірлескен жоба жасауды ұсынып отыр. Мен 2 елде жұмыс істеуді қалаймын. Маған Қазақстанның табиғаты ұнайды. Елге барып фильм түсіргім келеді», - дейді Камила Норусова.