Қазақстанның X Азаматтық форумы басталды

Қазақстанның X Азаматтық форумы басталды
Сурет: Іnform.kz

Форум жұмысына тұңғыш рет Қазақстанның ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, Фридрих Эберт қоры, ЮНЕСКО, ЮСАИД сияқты халықаралық серіктестері қатысуда.

X Азаматтық форумның жұмысы 22-26 қараша аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 5 күн бойы онлайн және офлайн форматта да өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл саласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының ең ірі оқиғасы: «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» тақырыбымен Қазақстанның X Азаматтық форумы басталды.

Форумды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева ашты.

Министр өз сөзінде X Азаматтық форумның жұмысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қорытындыларына арналған маңызды оқиға екенін атап өтті.

Тәуелсіздік таңында Қазақстанның азаматтық секторы ондаған ҮЕҰ-дан басталғанын еске салған Аида Балаева, бүгінде еліміздің бұл саласы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналғанын айтты. Мәселен, жыл сайын қазақстандық «үшінші сектордың» қатары орта есеппен 150 жаңа қатысушыға артып келеді.

«Азаматтық форум – бұл кейбіреулер дәйексіз айтатындай «ҮЕҰ өкілдерінің декларативті-хаттамалық жиыны» емес, қолданбалы идеялар мен бастамалар туындайтын, министрлер мен әкімдер азаматтық белсенділермен тең дәрежеде бірлескен іс-қимыл жоспарларын жасайтын, жекелеген әлеуметтік проблемаларды шешуге мемлекет ҮЕҰ-ларды тартатын нақты жұмыс процесі», - деді министр.