Қазақстандықтар Токиодағы Олимпиаданы көре ала ма?

Қазақстандықтар Токиодағы Олимпиаданы көре ала ма?
Сурет: Dw.com

Токио Олимпиадасының көрерменсіз өтетінін бұдан бұрын хабарлағанбыз, тіпті жапониялықтар да ойындарды өз көзімен көре алмайтын болды.

XXXII жазғы Олимпиада ойындары Токиода 23 шілдеде басталады. Қазақстан құрамасы 27 спорт түрінен 97 лицензияны жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Дүние жүзінде қалыптасқан эпидахуалдың нашарлауына байланысты бүкіл әлем халқы Олимпиаданы онлайн-трансляциялардан көреді. Бірақ биыл Олимпиада ойындарының трансляциясы қазақстандық телеарналардан көрсетілмейтін болды.

«Токиодағы Олимпиада ойындарының тікелей эфир құқығы Dentsu Inc. компаниясына тиесілі. Qazaqstan, Qazsport және «Хабар» республикалық телеарналары Dentsu Inc. компаниясымен 2019 жылдан бері келіссөздер жүргізуге тырысқан. Алайда ұзаққа созылған келіссөздерге қарамастан, екі тарап келісімге келе алмады. Құқық иесі ойындарды трансляциялауға лицензияның бағасын 2016 және 2018 жылдардағы бағамен салыстырғанда 123%-ға артық белгілеген», – делінген «Қазақстан» ТРК АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұл ақпаратты Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің басшысы Данияр Кәрімжан өзінің ФБ парақшасында жариялаған.