Қазақстандық бақылаушылар алда өтетін сайлауға дайындалып жатыр

Қазақстандық бақылаушылар алда өтетін сайлауға дайындалып жатыр
Сурет: Inform.kz/kz

Тәуелсіз байқаушылар сайлаудың адал және әділ өтуіне өз үлесін қосуға дайын.

 25 шілде күні Қазақстан бойынша бір мезгілде 700-ден астам ауыл әкімдерін сайлауы өтеді. Бұл саяси процеске тәуелсіз бақылаушылар да қатысуға дайын, деп хабарлайды Almaty –akshamy.kz. 

Ағымдағы жылдың шілде айында Жамбыл облысының 89 сайлау учаскесінде, ал кейінгі айларда 9 учаскеде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізіледі. Бұған «Партиялық емес бақылау орталығынан» 194 байқаушы қатысады. ҚазАқпарат хабарлағандай, бұл туралы «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалының жетекшісі Асқар Қадырқұлов айтты. 

«Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің төте сайлауы – бұл Қазақстан Республикасының демократизациялау процесіндегі жаңа қадам. Қазақстанның Конституциясында белгіленген демократиялық қағидалар біздің елде ары қарай да жүзеге асырыла береді. Болашақта аудан және облыс әкімдерін сайлауын ұйымдастыру жоспарлануда. Сайлау кезінде ең бастысы – оны өткізу барысында сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын сақтау. Ол үшін бізде сайлауды бақылау саласында үлкен тәжірибесі бар топ құрылды. Біздің қоғамдық бірлесітіктің атынан қатысатын тәуелсіз байқаушылар сайлаудың адал және әділ өтуіне өз үлесін қосады деп сенемін», - деді Асқар Қадырқұлов.

Қазіргі уақытта орталық өзінің байқаушылары үшін бірқатар оқыту семинарлары мен тренингтер өткізуде.