Қазақстандық ата-аналар ДДСҰ бағдарламасы бойынша оқытылады

Қазақстандық ата-аналар ДДСҰ бағдарламасы бойынша оқытылады
Сурет: Kstnews.kz

Қазіргі кезде ата-аналарды оқыту үшін жаттықтырушыларды даярлау басталды.

Қазақстанда дамуында ерекшелігі бар балаларға күтім жасау дағдыларына ата-аналарды оқыту үшін жаттықтырушыларды даярлауды бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

Қазіргі кезде болашақ жаттықтырушылардың бірінші тобын оқыту жүріп жатыр. Олар 23 шілдеде қажетті білім мен дағдыларды игергеннен кейін, 56 баламен отбасыларымен бірге жұмыс істей бастайды.  

«Оқу курсына материалдарды бейімдеу, жаттықтырушыларды даярлау, мамандар мен ата-аналарды оқыту кіреді. Аталған бағдарламаның мақсатты тобы дамуында кідірісі бар, оның ішінде аутистік спектрдің бұзылуы байқалатын 2-9 жастағы балаларды күтіп-бағумен айналысатын адамдар болып табылады»,– делінген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Мамандардың айтуынша, курс мақсаты - ата-ана мен баланың оңтайлы өзара іс-қимылын дамыту, олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бірлескен келісім мен өзара қарым-қатынасты дамыту, мінез-құлықты басқару дағдыларын жақсарту, бейімделу дағдыларын дамыту және отбасы өміріне қатысу арқылы жағымсыз мінез-құлықты азайту.

Сондай-ақ, жоба жүйкеге салмақ түсетін кездерді басқару дағдыларын дамытуды, түйткілдерді шешуді және жалпы ата-аналардың әл-ауқатын жақсартуды көздейді.

Аталмыш жоба Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, СST бағдарламасы негізінде іске асып жатыр.