ҚазҰАЗУ: халықаралық озық тәжірибе мен бельгиялық агротехнология трансферті

ҚазҰАЗУ: халықаралық озық тәжірибе мен бельгиялық агротехнология трансферті
almaty-akshamy.kz

Бүгінде Қазақстанда 70-тен аса бельгиялық кәсіпорындар жұмыс істейді

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Анри Вантигем мен Валлон экспорт және инвестициялар жөніндегі агенттігі бас директоры Шанталь Де Бле (AWEX)  бастаған делегациясы келді. Сапар барысында олар екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты орнату және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірлескен ғылыми инновациялық жобаларды іске асыру жобаларын талқылады деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Делегация құрамында FIT агенттігінің Орталық Еуропа елдері бойынша өңірлік директоры Барт Ван ден Бош, Валлон агенттігінің ЕурАзЭҚ елдері бойынша экспорт және инвестициялар жөніндегі өңірлік менеджері (AWEX) Александра Тонких, Қазақстандағы Бельгия Корольдігі елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Айжан Мұсақанова, Эно провинциясының Агрономия және агроөнеркәсіп халықаралық орталығының (СARAH) агрономия жөніндегі менеджері Франсуа Сернэлс, ProAniWal компаниясының бас директоры Паскаль Леруа бар.
Бельгия – халықтың өмір сүру деңгейі өте жоғары, БҰҰ-ның адам дамуы Индексінде 17-ші орынға ие мемлекет. Екі ел арасындағы ынтымақтастық Бельгия Корольдігі 1991 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігін мойындағаннан бастау алады. Бүгінде Қазақстанда 70-тен аса бельгиялық кәсіпорындар жұмыс істейді.

Кездесу барысында сонымен бірге Қазақстан-Бельгия арасындағы жоғары білім беру, ғылыми-зерттеу қызметі мен ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа мүмкіндіктерді арттыру мәселелері талқыланды. Шанталь Де Бле ханымның айтуынша, ҚазҰАЗУ ғалымдары Бельгияның ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жөніндегі тәжірибесін зерделеп, алынған тәжірибені еліміздегі картоп трансфертіне және оның бейімделуіне қолдана алады.

Эно провинциясының Агрономия және агроөнеркәсіп халықаралық орталығының (CARAH) агрономия жөніндегі менеджері Франсуа Сернэлс ҚазҰАЗУ ғалымдарымен ынтымақтастық орнату жөніндегі бастамаларды қолдайтынын және бірлескен жобалар жасау жөнінде өзінің ұсыныстарын білдірдірді. Біздің ғалымдарымыздың осы компания мамандарымен ынтымақтастығы Қазақстанда картоп дақылдарын көбейту үшін жаңа агротехнологияларды енгізуге, сондай-ақ фермерлердің құзыретін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймын. 

ҚазҰАЗУ басшыларының айтуынша, университеттің микроклональды көбею зертханасында картопты вируссыз отырғызу материалын шығаруға болады. Сондай-ақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ зертханаларын да осы игілікті іске қосу қажет деп ойлаймыз. Болашақта елімізде картопты өңдеуді жоғары деңгейге көтеру жоспарлануда. Оған оқу орнымыздың білікті ғалымдары да өз үлестерін қосатын болады.

Кездесу барысында ПроЭниВол (ProAniWal) компаниясының бас директоры Паскаль Леруа мал шаруашылығы саласында бірлесіп жұмыс істеу тәсілдерін ұсынып, компанияның мал шаруашылығы саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, "ProAniWal" – генетика және мал тұқымын асылдандыру, бағу, азықтандыру, менеджмент, мониторинг, қоршаған ортаны қорғау, маркетинг, ғылыми зерттеулер, кадрларды даярлау және т. б. бағыттар бойынша Валлонияда (Бельгия) мал шаруашылығын дамытумен айналысатын коммерциялық емес ұйым. Сонымен қатар бұл компания жануарлардың парниктік газдар шығарындыларын азайтуының балама жолдарын зерттеумен айналысады.

Өз сөзінде ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы - Ректор Тілектес Есполов университет өз тарапынан агрокешен саласындағы өнім өндіруді ұлғайтуға ықпалы тиетін барлық бірлескен инновациялық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға  барлық жағдайды жасайды деп сендірді.

Кездесу соңында қонақтар Вагенинген институты, Өсімдіктердің микроканалды көбею зертханасы, Агротехникалық және Су Хабтарында, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық және Қазақ-Жапон Азық-түлік технологиялары орталықтарында, Сүт және сүт өнімдерінің референттік зертханасында болып, ғылыми ізденістердің жетістіктерімен таныса келе ҚазҰАЗУ базасындағы дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылым мен ғалымдардың қызметіне жоғары баға берді.