Құрылысшылардың жалақысы 33%-ға өсті

Құрылысшылардың жалақысы 33%-ға өсті
Сурет: Forumhouse.ru

Сонымен қатар бұл салада кадр тапшылығы да өткір сезіледі.

2021 жылдың үшінші тоқсанында еліміздің құрылыс саласында 640,7 мың адам жұмыспен қамтылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 3%-ға артық, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

2020 жылдың осы кезеңінде бұл секторда жұмыспен қамтылғандар саны 621,8 мың адамды құраған.

Өңірлік үлес бойынша, осы салада жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі елордада тіркелген: 74,7 мың адам. Алматы мен Түркістан облысы да жетекші өңірлердің үштігіне енді. Құрылыста жұмыспен қамтылғандардың ең аз көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді: 11,2 мың адам.

Құрылыста жұмыспен қамтылғандар санының ең көп өсімі Шығыс Қазақстан облысында (25,3%-ға, 34,1 мың адамға дейін), ең қатты азайғаны – Қарағанды ​​облысында (7,6%-ға, 35,9 мың адамға) байқалды.

2020 жылмен салыстырғанда, биыл нарықтағы бос жұмыс орындарының саны 53 пайызға артқан. Жұмыс іздеу бойынша танымал сервистің бірінің мәліметіне сәйкес, бұл елдегі жылжымайтын мүлікке сұраныстың артуына байланысты болып отыр.

Құрылыс саласында еңбек ететіндердің орташа айлық жалақысы биылғы үшінші тоқсанда 314,3 мың теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,5%-ға артық. Бұл саладағы жалақының нақты өсімі жылына 21,9%-ды құрады.

Ең жоғары орташа айлық жалақыны Атырау облысының құрылысшылары алады: 465,4 мың теңге (+ 44,3%). Маңғыстау облысы мен елорданың құрылысшылары да жоғары жалақы алады. Үздік үш аймақта ғана жалақы республикалық деңгейден жоғары.

Ең аз жалақыны Қызылорда облысының құрылысшылары алады: бар болғаны 166,8 мың теңге – бұл бір жыл бұрынғыдан 11,8%-ға артық.