Зиятдин КАСАНОВ, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы президиумының мүшесі, Дүниежүзілік «Ахыска» түріктері қауымдастығының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері: ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялап, егемен ел болғанына ширек ғасырдан асты. Тарих жылнамасымен алғанда бұл өте қысқа кезең. Десе де, 80 жылға жуық тарихында коллективтендіру, НЭП, ашаршылық, соғыс, репрессия, саяси шектеу, өзге әлемнен оқшаулану, т.б. «жарқын коммунизм елесімен» өмір сүрген КСРО деген ортақ үйден өгей баладай еншісіз шыққан республика үшін бас-аяғы 20–25 жылда әлем елдерімен терезесі тең мемлекетке айналу ерлікке пара-пар.

Иә, идеология да, мүдде де, тіл де ортақ «интернат мемлекетте» сөз бостандығы, ой еркіндігі шектеулі болды. Әлемнің алтыдан бір бөлігін 200-ге жуық этнос мекен еткен мемлекетке жалғыз тіл, ортақ ақша, бір партия және оның «сындарлы саясаты» үстемдік құрды.

Қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған, осы жерді атамекен еткен 100-ден астам ұлт пен ұлыс мүдделі болған Тәуелсіздік те 1991 жылы келді кең байтақ жерге, қазақ халқы мемлекет құрушы елге айналды. Алып империядан мұраға туған топырақ қана бұйырған Қазақстан халқы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», тәуелсіздіктің тұғырын бекітті. Дербес мемлекетке тән барлық атрибуттарды (конституция, рәміздер, мемлекеттік тіл, т.б.) бірауыздан қабылдады.

Қазақстан халқы дегеніміз – әрбірі осы мемлекеттің азаматы саналатын 100-ден астам түрлі ұлт пен ұлыстан тұратын 18 млн. әлеумет. Ширек ғасыр уақытта олар мүмкіндік берілсе де Қазақстан деген туған топырағын тастап кеткен жоқ. Мемлекет құрушы қазақ халқының айналасына топтасты. Ортақ Ата Заң, ортақ қоғам, ортақ мемлекеттік тіл, ортақ мақсат, ортақ болашақты мойындап, құдайы көрші мемлекеттермен (тек олармен ғана емес) мәмілегерлік саясатта ортақ Отанды құруға кірісті.

 Бұл күнде егемендікке қол жеткізгеніне ширек ғасырдан асқан Тәуелсіз Қазақстан еңсесін тіктеген, әлемнің ілгері елдерімен терезесі тең мемлекет. Бүгінгі Қазақстан  толерантты, көпұлтты, ата-бабадан мирас болған Ұлы Даланың қасиеттерін ұлықтаған бейбіт ел.

 Біз осы тұрғыда бүгінгі Қазақстанның қалыптасуы, тәуелсіз елдің дербес саяси-экономикалық ахуалы жайында ұлт, нәсіл, діни ұстанымға бөлмейтін Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің толыққанды азаматымен ой бөлістік.

 

Тәуелсіздік мүддесі бәрінен биік болу керек

– Зиятдин Исмиханұлы, Сіз Кеңес Одағы кезеңінде дүниеге келіп, сол уақытта білім алған, ал Қазақстанның тәуелсіздігінің куәсі болып, бүгінде дербес мемлекеттің нығайып, шын мәнінде егемен ел болуына атсалысып жүрген буын өкілісіз. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы көз алдыңызда. Егемен елдің барлық атрибуттары, Консти­туция, мемлекеттік тіл, т.б. заңдардың қабыл­дануының, зайырлы, дамушы мемле­кет құрамыз деген мақсат-мүдденің куәгері әрі қатысушысыз. Осы мәселелерде пікірі­ңізді білдірсеңіз.

– Рахмет. Мен әңгімені әріден баста­сам. Иә, мен Кеңес Одағының, сол кезеңде туып-өскен, білім алған бел баласымын. Әрине, әлемдік деңгейде болмаса да (ол кезде КСРО оқшауланған) тегін білім алып, мамандық игердік. Бірақ сол білімді, жалпы, өмірді ана тілінде, ұлттық дәстүрде меңгермедік біз. Барлық Кеңес халқы жалпыға ортақ бір тілде білім алдық, жүріп-тұрдық, өмір сүрдік. Одан тіпті жаман болдық деуге келмес, бірақ бірыңғай «Кеңес халқын» жасау идеологиясының құрбаны болған көп этнос өз тілін, салт-дәстүрін жоғалтып алды ғой.

Бүгінде әлемде 200-ден астам дербес мемлекет, 500-ден астам этнос-ұлт десек, солардың өз тілін, салт-дәстүрін сақтап қалғандары қанша? Кейбір деректер бойынша жер бетінде айына бір тіл жоға­лып тұрады екен, жоғалып жатқан этнос­тармен бірге… Бұл деген рухани катас­трофа.

Мен, Тәуелсіздіктің басты жетістігі мемлекет құрушы Қазақ халқының ана тілі мемлекеттік тіл болып бекуі дер едім. Әрине, географиялық жағдайы, көп этносты құрамы жағынан КСРО-ның бұрынғы республикаларынан айырмашылығы бар Қазақстан үшін апыл-ғұпыл тек қазақ тіліне көшу мүмкін емес еді. Ел Прези­дентінің көреген саясаты да осында жатыр деп ойлаймын.

Мен бұны КСРО кезінде репрессияға ұшырап, қазақ халқынан пана тапқан, екі-үш буыны Қазақстанды атамекен еткен ұлттың өкілі ретінде айтып отырмын. Біздің аталарымыз сонау 1930–1940 жылдары репрессияға ұлт болып ұшырап, жер ауда­ры­лып, қазақ жеріне келгенде осынау халық­тың арқасында аман қалып, осы қасиетті топырақта тамыр жайған. Қазақ­станда туып-өскен біздің буынды, ата-әкелеріміз «Біз қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз, сендер біздің аталық амана­тымызды ақтағыларың келсе, осы топы­рақты, осы халықты, оның тілін қастер­леңдер. Осыны өз балаларыңа да аманат­таңдар…» деп тәрбиеледі. Осыдан кейін қазақ халқын, оның жерін, салт-дәстүрі мен тілін қалай құрметтемеуге болады.

Қазіргі буын сол кезеңде репрессияға ұшырап, жер аударылған ұлттарға паспорт берілмегенін, қалада тұруға, жоғары оқу орнында оқуға, толыққанды Совет азаматы атануға рұқсат берілмегенін біле бермейді. Олар «тең праволы» азамат атануға 1960 жылдардан соң ғана мүмкіндік алды.

– Сіз бүгінде біліміңіздің, іскерлігіңіздің арқасында Тәуелсіз Қазақстанда үлкен белестерді бағындырған абыройлы азамат­сыз. Халық қалаулысы – мәслихат депута­тысыз. Осы тұрғыда елдегі бүгінгі күн мәселелерін қозғасаңыз.

– Жоғарыда айтылғандай, біз КСРО деген «ортақ Отанда» туып-өскен буынбыз. Сол системада өстік, білім алдық, тәрбие көрдік. Оның үстіне мен қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың ұрпағы болдым. Бәрі жаман болды деуге болмайды, әрине. Және де 1950–1960 жылдардан соң туған біздер алып империяның соғыстан кейінгі төл балаларымыз. Сол себепті де болар, біздің буынға толық мүмкіндіктер берілді. Біз де сол алып мемлекеттің дамуы­на үлес қосуға тырыстық. Жалпы, Кеңес Одағының көпұлтты халқы – орыстар, қазақтар, грузиндер, қырғыздар, армяндар, басқа да ұлттар мен ұлыстар еш бөлінбестен бір мақсат (коммунизм) жолында бір тілде араластық. Ол кезеңде ортақ тіл орыс тілі болғаны белгілі. Жалпы, Кеңес кезінде бәріміз дерлік жоғарғы білімді орыс тілінде, республика астанасында мектепте де орыс тілінде оқыдық қой…

Ал енді тіл мәселесіне келер болсақ, әрбір тәуелсіз мемлекет өз ана тілін мемле­кеттік тіл етіп жариялап, алфавиттерін заманауи жаңалады. Бұрын одақтас болған кейбір республикалар бұл мәселені апыл-ғұпыл шешсе, Қазақстан тәуелсіздіктің алғаш­қы қиын жылдарында саяси-эконо­микалық тіктелуді бірінші кезекке шығар­ды. Бұл біздің мемлекеттің географиялық орналасуына, дамыған әлемдік қауым­дастыққа кірігуге тікелей қатысты еді. Және де ғасырлар бойы құдайы көрші Ресеймен байланыстың, біздің елде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың ауызбіршілікте мемлекет құруының маңызы зор еді.

Осы жолда әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) құрылды, мемлекеттік тіл – қазақ тілімен қатар орыс тіліне халықаралық қатынас, ресми тіл деген статус берілді. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жігерлі шешімі. Ал халық Көшбасшыны қолдады. Бүгінгі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен теңесу үшін осылай болуы керек еді.

25 жыл деген тарих үшін өте аз уақыт. Біз Кеңес кезінде туып-өсіп, тәуел­сіздік тұсында мемлекет құруға атсалысып жүрген посткеңестік буынбыз. Осы пост­кеңестік халық кезінде ортақ менталитет, ортақ мүдде үшін ортақ тарих пен мәдениетте қалыптастық. Бүгін де біз үшін бұрынғыдай Мәскеу сондай жақын да ыстық, ал орыс халқы туыс, бауыр. Әлі де орыс тілі ортақ, байланыс қызметінде. Бұл өтпелі кезең талабы. Елбасы құрып берген ҚХА-да да әзірге орыс тілі ресми тіл. Постке­ңестік республикамыздың ешбірінде ресми тілге мұндай мүмкіндік жасалмаған. Қазақ­станда бұл жағдай ғасырлық көрші, бауыр халық Ресеймен мәңгілік достықты сақтап қалу үшін де жасалып отыр. Біз Қазақ­стан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын мақтан тұтамыз. Біздің Президенттің бастамасымен еуразиялық экономикалық және Кедендік одақтар құрылды. Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан елдер үшін аса тиімді Ұлы Жібек жолын жаңғырту қолға алынды. Әлемде тұңғыш рет ғарышты меңгерген «Байқоңыр» да біздің жерімізден Ресейдің «Союз» кемелерін халықаралық ғарыш стансасына (МКС) ұшырып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мен Ресей­дің, көрші жатқан тәуелсіз мемлекеттер ретіндегі тағдыры да, болашағы да ортақ.

 

Қазақ халқы – мемлекет құрушы  ұлт

–       Сіз географиялық орна­ласу, көпұлт­ты халық, т.б. жағдай­ларға байланысты Елбасы көп шешімдерді асығыстық таныт­пай, сабырлықпен қабыл­дауда дедіңіз. Соның бірі – қазақ тілінің латын графика­сына көшуі. Көп мемлекеттер латынға баяғыда көшкен. Ал бізде сабыр­мен қабылданған осы шешімді де түсін­беушілер бар. Және қоғамда осыны пайда­ланып қалғысы келгендер бар сияқты. 

–       Дұрыс айтасыз. Біріншіден, бұл басы ашық, халықтың талқысынан өткен мәселе. Ал түсінбеушілер бұның байыбына бармаған сияқты. Екіншіден, Президент өз Жарлығында «…Қазақ алфавитін латын графикасына ауыстыру…» деп анық айтып отыр ғой. Біздің асығыстық танытқан көрші елдерден айырмашылығымыз да осында, бізде ресми тілді, өзге де этнос тілдерін кемсіту жоқ қой. Ал латынға келсек, ол тек графика, яғни жазу ғана.

Қазақстан азаматы, орыстілді (өкінішке қарай) өзге ұлт өкілі ретінде отандастарыма мынадай бір-екі нәрсе айтқым келеді:

–       Елбасы мемлекеттік тілдің латын графикасына ауысуының мемлекеттік тұрғыдан қажеттілігін жан-жақты түсін­діріп берді. Ол – халықаралық қауымдас­тыққа кірігу, ол – бүгінгі заман талабы болып отырған ІТ-технология, компьютер тілін меңгеру, ол – латын қарпінде жазатын әлемнің дамыған елдерінің бәрімен байланыс. Және қазақ халқы үшін түбі бір түркі дүниесімен ортақ тілде жазып-сызу.

Президент қазақ тілінің латын алфа­витіне ауысуы ресми тілге, кириллицаға ешқандай әсер етпейтінін де айтты.

–       Елбасы шешімінің көрегенділігінің көрінісі – латынға көшуді біртіндеп жасап, 2025 жылға дейін жүргізу керек дегені. Яғни оған дейін қажетті база (бағдарламалар, оқулықтар, т.б.) жасалып, қоғам да қалыптасады.

Сондықтан да осынау мемлекеттік маңызды мәселе ұлтаралық түсінбестік, көрші мемлекетпен байланыс салқындығын туғызады деп алаңдамау керек деп ойлаймын.

Қазақстан — осында тұрып, осы елді Отаным деп есептейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін, дінін сыйлап, соларға ресми түрде бірнеше тілде (орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік, т.б.) мектеп, сыныптар ашып берген бірден-бір мемлекет.  Қызмет бабымен әлемді көп аралайтын мен әзірге ешбір елде мұндай жағдай көрген жоқпын. Және мен мұны Қазақстан азаматы, өзге ұлт өкілі ретінде ашық айта аламын. Себебі, менің өзге қазақстандықтармен құқым да, мүмкін­дігім де бірдей.

Менің ойымша, көпұлтты Қазақ­станның 18 милионнан асатын халқы бір нәрсені ұмытпауы керек,  Қазақ халқы – мемлекет құрушы ұлт. Ал менің Отаным – Қазақстан болса әлемдегі ең құшағы ашық та ыстық мемлекет!

– Зиятдин Исмиханұлы, тәуелсіздікке 27 жыл толған еліміздің жүріп өткен жолына, Елбасының осы жолдағы тапсыр­маларына баға берсеңіз.

– Мен біріншіден, тек біздің тәуелсізді­гіміз емес, кезінде КСРО құрамында болған барлық республикалардың тәуелсіз мемлекет болуының бастауы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы дер едім. Сол күндері Алматыда жұмыс істейтін жас маман мен де алаңнан табылған болатынмын.  «Жел­тоқ­санды»  қазақ жастарының бас көтеруі ғана деп  аясын тарылтуға болмай­ды. Бұл 70 жылдық тотаритарлық жүйеден шар­шаған қоғамның алғашқы бұлқынысы еді. Осыдан кейін Грузия, Балтық жағалауы республикалары, т.б баскөтерулер болып, ақыры барлық республикалардың тәуел­сіздігіне әкелді. Ал сол тәуелсіздікті баянды ете білу басқа әңгіме…

Біздің Қазақстанға келер болсақ, Тәңір берген тәуелсіздікті тұғырлы еткен елдердің біріміз. Бұл бірінші кезекте халық сайлап алған Тұңғыш Президент пен мемлекет құрушы қазақ халқының арқасы дер едім. Елбасы саясатының әу бастан дұрыс түзілуі, бірінші кезекте ел еңсесін тіктеп, экономиканы оңалтып, шекараны шеген­деуде, сонымен қатар, ұлттық құндылықтар мен рухани дүниенің ұмытылмауы егемендіктің негізі болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның экономикасы оңалып, әлемнің алға ұмтылған елдерімен көш түзеген тұста Ұлы даланың қасиетті құндылықтарын ұлықтап, тануға шақырып отыр. Президент әр Жолдауы мен тапсырмаларында алға жылжудың жолдары мен мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін көрсетіп беруде. Ал соңғы мақаласында «Ұлы даланың жеті қырын» көрсетіп, ендігі жерде осы негізде әлемді мойындатуды болатынын болжағандай.

Қазақ халқының ғасыр­лардан бері сақтап қалған Ұлы даланы бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі дер едім. Алғашқы болып жылқыны қолға үйретіп, алтын балқытқан осы даладан менің түпкі бабаларым – түріктер де шыққан. Сайын даладан шығып, Еуропаны билеген осман­дықтардың бүгінгі ұрпағы қыпшақ даласын «Атажұрт» дейді. Мен де өз ортамда әзілдеп, «Біз қазақ жеріне жиырмасыншы ғасырдың басында қайтып келген бірінші оралмандармыз» деймін. Расында да біздің әке-шешеміз сонау 60-жылдары мүмкіндік берілгенде Қап тауына қайта оралған жоқ. Бәлкім, түп тамырымыз жібермеген болар.

Ал мен болсам туған елім Қазақ­станыма, Алматыма  барынша қызмет етсем деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Нұрлан СҮЙІН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *