«ЗИЯНСЫЗ» өтірігіміз балалардың болашағына зиянын тигізіп жүрмесін

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

–       Ертең көп ақша аламыз, сосын бәрін сатып әперем!

–       Әке, ертең деген қашан?

–       Ертең деген – ер-те-е-е-е-ең! Қуыршақ, доп, бәрін әперем!

–       Маған «Барби» қуыршақ керек!

Міне, балалардың арманы осылай баста­лып, жалғасып кете береді. Шіркін, бір таусылмайды ғой. Лайым, балалардың арманы таусылмасын. Бірақ сондайда олардың тілегі сенің қалтаңдағы қара­жатпен сәйкес келмей жатқанда, алдауға тура келеді. Алдаған да дұрыс емес шығар, бірақ «жоқ! әпермейм!» деп айтып та, балақайлардың көңілін түсіргіңіз келмейді. Сондайда амалсыздан «ер-те-е-е-ең әперем», «көп ақша алғанда аламыз» деп айтуға тура келіп жатады. Бұл үлкендердің жағдайдан шығу үшін тапқан амалы ма екен?! Десе де, соған ойында бірде-бір жаман ой болмай­тын періште көңіл сенеді.

Кез-келген ата-ана шамасы келгенше, баласының жағдайын жасайтыны сөзсіз. Кейде қалтамыздың халіне қарамай, бала­мыздың арманы мен тілегінің соңынан кетіп қалып та жатамыз. Өйткені, қызы­ғымыз да, көз қуанышымыз да – балалар. Бұрындары ата-анамызбен қыдырсақ, базар араласақ олардың өзара «осы балалар үшін жүрміз ғой таңнан кешке дейін. Осылардан артық кіміміз бар, әперейік» деп немесе «жесін, ішсін, осылар үшін жүрміз ғой» деп жатқандарын  жиі ести­тінбіз. Бірақ ол кезде естумен ғана шектел­ген екенбіз. Олардың ата-аналық жүрегін, тілегін енді ғана, өз басымызға түскесін ғана ұғынып жатқандаймыз. Бүгінде өз балаларымыз бірнәрсе алғысы келсе, жегісі не ішкісі келсе бәрін қойып, тауып беруге тырысамыз. Ал мүмкіндік тіпті шектеулі болса, әлгідей алдасақ та көңілін қалдыр­ғымыз келмейді. Сондай оймен айтылған сөз болғасын ба, оны «алдау» деп те атағың келмейді екен.

Жұмыстан келіп, кешкі астың қамымен жүрсем, құрбым қоңырау шалды. «Қызым «мама, жұмысқа бармашы» деді. Сосын мен үйден тез шығып кету үшін «Ботам, жұмыс­тан саған балмұздақ, сағыз әкелем» десем, ол «балмұздақ та жемейм, сағыз да керек емес» деп құшақтап, айырылмай қойды. Сосын «жұмысқа бармасам, бізде ақша болмай қалады ғой. Сосын сені қыдырта алмай қаламыз» деп сылтауымды жалғас­тырдым. Қызым оған да көнбеді. «Қызым бастық ұрсады» дегенімде барып мені жұмысқа әзер жіберді» деп әңгімесін айтты. Менен менің балаларымды сұрады. Екеуміз әңгімелесіп тұрып, бүгінгі балалардың ойының бір екенін ұқтық. Біздің балалар да «ертең деген қашан?» деп сұрайды. Өйт­кені, қаражат болмай қалған кезде сұраған нәрселерінің бәрін «ертең аламыз» деп жиі айтатын болуымыз керек. Бүгінде тіпті, қатар ойнап отырған екеудің үлкені кішісін «ертең паркке апарам», «ертең үлкен қуыр­шақ әперем» деп алдап жатқанын естиміз. Бірде үлкенім кішісіне «қазір сен тама­ғыңды таусып қойсаң, қоянның баласын көрсетуге апарам» деп алдап, тамақ беріп отырғанын көріп, ойланып қалдым. Бәрі өзіміздің сөзіміз. «Бала ғой» деп көп жағ­дайда маңызды нәрселерге мән бермейміз, «ертең, ертең» деп алдаймыз, «әперем» деп айтып, оны ұмытып кетеміз, бірақ балалар соның бәрін ұмытпайды, есінде сақтайды әрі күтеді. Алғашында оны жәй ғана айтқанмен, кейін өздері де алдап үйренетін секілді. Өйткені, қуыршақпен ойнағанда оған өз баласына қарағандай қарайтын қыздар, оларға ата-анасынан естігенін айтып, көргенін жасайды. Мәселен, «қы­зым, жуынып жатсаң, шашыңның исін иіскеуге періштелер келеді» десек, ол дәл соны қуыршағына айтады. Бірде қызым­ның «сен отыра тұр, мен қазір су ішіп келем» деп қуыршағын алдап, коляскаға отырғызып, өзінің теледидар көріп, жайбарақат отырғанын көрдім. Жанына барып, «қызым сен неге олай айттың?» десем, «мама, сен де сөйтесің ғой» дейді.

Біздің күнделікті ойланбай айта сала­тын алдау сөздеріміздің балалардың мінезін қалыптастыратынын ойлай бермейді екенбіз. Содан барып, олар өтірік айтса, «қайдан үйренгесің? кімнен үйренгесің?» деп өздеріне ұрсып шығамыз. Балаларға үлгіні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Олар үшін үлгі – өзінің ата-анасы. Солардың күнделікті жүріс-тұрысы, сөзі, қас-қабағы баланың ойын да, бойын да түзесе керек. Сондықтан өзіміз «зиянсыз» деп тапқан аузымыз үйреніп қалған «ертең аламыз», «ертең апарам» деген секілді сөздерді айтқан­да абай болған жөн секілді. Ондай сөздер бізді бір жолға құтқарғанмен, бала­ның мінезін біржолата бұзуы мүмкін екен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close